Қоғам

Мүгедектер қоғамына екі арнайы машина сыйға тартылды

 

 

Бүгінгі таңда қалалық мүгедектер қоғамына мүмкіндігі шектеулі 500 адам кіреді. Олардың 82-сі балалар. Бұған дейін мекемеде жарымжан жерлестерімізге қызмет көрсететін 3 автокөлік болған. Бүгін олардың қатары тағы су жаңа екі темір тұлпармен толықты. Өңір жетекшісі неміс елінде шыққан арнайы көліктің кілтін салтанатты түрде табыс етті.

 

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

– Зейнеткерлер айлығын біз жалғастырып жатырмыз. Соның бір айғағы бүгінгі шара. Есептік кездесу кезінде осы сауал маған жолданған болатын. Енді міне бүгін сол сауал шешіліп, екі автокөлік кілтін мүгедектерге табыс етуге жиылып отырмыз.

 

2013 жылы шығарылған неміс көліктері арнайы көтергіш қондырғымен жарақталған. Оның құны 13 млн 600 мың теңге. Людмила Иванова қоғам құрылған сәттен бастап осында қызмет еткен. Зейнет жасына дейін бас киімдер тігумен айналысыпты. Ол бүгінгі таңда мүгедектерге жасалатын қолдауға риза.

 

Людмила Иванова, қалалық мүгедектер қоғамының мүшесі:

-Үкімет тарапынан мүмкіндігі шектеулі жандарға барлық жағдайлар жасалып жатыр. Енді бізге осы көліктердің арқасында театр, мұражай және көптеген әлеуметтік нысандарға барып, дем алып қайтуға мүмкіндік туды.

 

Кейін өңір басшысы Самат Ескендіровке жаңа көліктердің мүмкіндігі көрсетілді.

Қалалық мүгедектер қоғамына республикалық «Сәби» қайырымдылық қоры да қолдау көрсетеді. Арнайы көліктер қордың «Инватакси» жобасының аясында алынды.

 

Валентина Заборовская, қалалық мүгедектер қоғамының төрайымы:

– 2010 жылы «Сәби» қоры бізге «Инватакси» жобасы жайлы айтқан болатын. Біз осы уақыт аралығында құжаттарымызды жинап, бүгін міне тамаша екі көлікке ие болып отырмыз. Қазір 5 машина бар. Ал мыналардың біздер үшін орны ерекше болмақ. Өйткені олар мүгедектер арбасын көтеретін арнайы қондырғымен жабдықталған. Сондықтан бізге қолдау көрсеткен облыс басшылығына алғысымыз шексіз.

 

2009 жылдан бері қаламызда әлеуметтік такси жобасы жүзеге асып келеді. Жыл сайын аталған қызметке 4 мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі жан жүгінеді. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 10 млн теңгеге жуық қаржы бөлінеді.

 

Мағжан Ахмадина