ТКШ

Бензостройда кәріз жүйесінің құрылысы аяқталып келеді

 

Людмила Попова бұл жерге 1991 жылы көшіп келіпті. Еріген қар мен жаңбыр суы мидай езіліп жататын дейді тұрғын. Сондықтан күз-көктем айларында жаяу жүргінші түгіл көліктің қозғалысы қиынға соғатын көрінеді. Енді міне кәріздік жүйелер мен суағарлар салынып жатыр.

 

Людмила Попова:

-Бұрын езіліп жататын. Саздан көз ашпайтынбыз. Биыл міне көше бойына асфальт төсеп, шамдар қосты. Енді міне суағарлар жасап жатыр. Әрине қуантады.

 

Бензострой кентінде суағарлық жүйелерді қалыпқа келтіруді  «ПетропавлСпецКоммунСтрой» ЖШС ағымдағы жылдың мамыр айында қолға алған. Осыған дейін Воровской, Гагарин және Залмановта жөндеу жұмыстарын аяқтаған кәсіпорын қызметкерлері енді Досмұхамбетов көшесін қолға алған. Жарты ғасырға жуық қызмет көрсетуге қауқарлы кәріздік жүйелер Степногорск қаласында жасалған. Жалпы полиэтилен құбырлар 4 шақырымға жақын жерге салынбақ. Мердігер компания жұмыстың 95 пайызын тындырыпты.

 

Алексей Хлыстунов, «ПетропавлСпецКоммунСтрой» ЖШС құрылыс аумағының басшысы:

-Біз қазір 1000 мм, 630 мм  және 315 мм  құбырларды 8 метр  тереңдікке салып жатырмыз. Жұмыс істеу өте қиын. Өйткені суық, оның үстіне көшелер тар. Соған қарамастан жұмысты уақытылы аяқтаймыз деген ойдамын.

 

Бұнымен қоса Досмұхамбетов көшесі бойында № 2 насос станциясының құрылысы да жүріп жатыр. Бұл жұмыстарға 20-дан астам техника жұмылдырылған. Оның диаметрі 12 мм, ал тереңдігі 8 мм. Кешенді сорғыш станция Бензострой және Береке аудандарына қызмет көрсетпек.

 

Владимир Калмыков, «ПетропавлСпецКоммунСтрой» ЖШС директорының орынбасары:

-Насос станциялары аудандағы суларды сорып отыруға қажетті. №1  сорғыш станциядағы жұмыстарды біз толығымен аяқтадық. Қуаттылығы сағатына 330 текше метр болатын автоматтандырылған жүйе ұзақ уақыт қызмет көрсететін болады.

 

Жалпы барлық жұмыстарға қалалық бюджеттен 751 млн теңге қаржы бөлініпті. Құрылысты қолға алған кәсіпорын жұмыстарды қазан айына дейін аяқтаймыз деп отыр.

 

Мағжан Ахмадина