Құқық қорғау органдары

Медиацияны дамыту

 

Дау-жанжалды бітімгердің көмегімен-ақ шешуге болады. Бұл қызмет, әрине ақылы. Оның құнын айыпталушы да, жәбірленуші де төлейді. Сол себепті, олар осылай шығынданғаннан гөрі, мәселені тергеушінің алдында отырып немесе сотқа жүгіну арқылы тегін шешуді жөн көреді.

Әрі медиатордың көмегімен келісілген дүние көп жағдайда жүзеге аса бермейді. Өйткені, екі жақтың біреуі өз жауапкершілігінен бас тартуы мүмкін. Осы орайда, жапа шеккен тарапқа тағы да сотқа жүгінуге тура келеді.

Елімізде “Медиация туралы” заң 2011 жылы күшіне енген. Бірақ, әлі күнге дейін бұл сала ақсап тұр.

 

Галина Пехотина, “Солтүстікқазақстандық “Содружество” Құқық және Медиация Орталығы” ҚБ төрайымы:

-Солтүстік Қазақстанда қазір 11 медиатор бар. Аудандарда жұмыс істейтіндерінің біліктілігі шамалы. Қазір осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Ең бастысы, бұл заңның қажеттілігін түсініп, оны орындауға бәріміз атсалысуымыз қажет. Тағы бір айта кететін жайт, азаматтардың осы тұрғыда сауаттылығы төмен.

 

Медиатор жұмысының бір тиімділігі – қағазбастылық тыйылып, уақыт үнемделеді. Аталған институттың тұрғындар арасында аз қолданылуының бірнеше себебі бар. Жиынға қатысқандар заңнаманы жетілдіріп, ақпараттық іс-шараларды күшейту қажет дейді.

 

Шолпан Әбдірахманова, СҚО прокуратурасының соттарда мемлекеттің мүддесін білдіру заңдылығын қадағалау басқармасының басшысы:

-Бүгінге дейін облыс соттарында 6 мыңнан астам азаматтық іс қаралды. Алайда, азаматтық және әкімшілік істерде медиация үрдісі көп жағдайда қолданылмайды. Өйткені, ол аталған салаға қатысты заң жүзінде реттелмеген. Сол себепті, бітімгершілікті пайдалануда бірқатар кедергілер туындап жатады.

 

Облыс прокуроры Степан Зайтлер бітімгершілікті пайдалануда жергілікті атқарушы билік пен құқыққорғау органдары да атсалысқан жөн деді. Мәселен, жыл басынан бері Ішкі істер департаментінде өзара келісумен аяқталған 5 іс тіркелсе, Қаржы полициясында мұндай жағдай кездеспепті.

Қоғамдық кеңестің отырысына қатысқандар медиацияны дамыту мақсатында өз ойларымен бөлісіп, бұл бағытта бірлесіп жұмыс істеуге келісті.

 

Данаш Хамзина