ТЖ

«Қатер-2013» республикалық оқу-жаттығуы

 

 

Оңтүстік Орал темір жолына қарасты станциялардың бірінде қызметкерлер аммиак төгілген 60 тонналық цистернаны жамап жөнге келтіруде. Мұнда улы газ әкеле жатқан поезд бен автокөлік соқтығысуының салдарынан 3 тонна сұйықтық төгілген. Машина отқа оранып, жүргізуші зардап шекті. Әрине бұл тек оқу-жаттығу жұмыстары. Десе де алда-жалда осындай оқиғалар бола қалса барлық қала құрылымдары өздерінің апатты ауыздықтауға сақадай сай екендіктерін көрсетті.

 

Асқар Майкин, СҚО ТЖД азаматтарды қорғау шараларын орындау бойынша бақылау бөлімінің басшысы:

– Азаматтық қорғаныс және төтенше жағдайлар қызметтерінің дайындығын тексеру үшін мұндай шаралар жиі өткізіліп тұрады. Оқу-жаттығу жұмыстары органадардың өзара әріптестікте жұмыс істеуін де көрсетеді.

 

Төтенше жағдай орнына дереу өрт сөндірушілер, медицина қызметкерлері мен жергілікті билік өкілдері жетті. Адамдар қауіпсіз аймаққа көшіріліп, төтенше жағдай аумағы қоршауға алынды. Санитар мамандар қауіпті аймақты анықтады. Улы газ 50 метр аумақты шарпыған. Егер оның таралу аумағы бұдан көп болса, онда қоршаған ортаға толық зиян келер еді. Ринат Ілиясовтың құтқарушы болып қызмет етіп жүргеніне 6 жыл болды. Абырой болғанда, бұндай жағдаймен тек оқу-жаттығу барысында ғана кезігеміз дейді.

 

Ринат Ілиясов,СҚО ТЖД Петропавл қаласы №4 өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі:

-Жалпы бүгін жұмыс істеу оңай болмаса да, бәрі ойдағыдай өтті. Күн сайын дайындаламыз, сондықтан еш қиындық туған жоқ.

 

Жалпы республикалық «Қатер-2013» оқу-жаттығу жұмыстарына Петропавлда 80-ге жуық адам қатысты.

 

Петр Мелашенко, “РТЖ” ААҚ Оңтүстік Орал темір жолы филиалының Петропавл бөлімшесінің басшысы:

-Әр мекеме өкілдері өзіне берілген жұмысты толық атқарды. Бірлесіп көтерген жүк жеңіл. Сондықтан оқу-жаттығу жұмыстары болса да тиісті органдар өздеріне тиесілі жұмысты яғни, улы газ төгілген аумақты залалсыздандырып, өртенген машина сөндірілді, адамдар қауіпсіз аймаққа көшірілді. Станция қызметкерлерінің алдында тұрған ендігі мақсат – рельстен шыққан жүкті қалпына келтіру.

 

«Апат айтып келмейді», сондықтан осындай оқу-жаттығу жұмыстарында барлық құрылымдардың дайындығын пысықтау маңызды.

 

Мағжан Ахмадина