Спорт

Жеңілатлетшілер ел біріншілігінен 10 медальмен оралды

 

Олимпиадалық үміттегі балалар мен жасөспірімдерге арналған мектептің тәрбиеленушілері Шымкенттен оралды. Онда жеңіл атлетикадан ел чемпионаты өткен болатын. Байрақты додаға еліміздің жер-жерінен 37 құрама қатысқан.

 

Оксана Бевза, жаттықтырушы:

– Тәрбиеленушілерімнің өнеріне тәнті болдым. Әрине көбі көрсеткіштерін жақсарта алады. Бірақ үлкен жарыста бірінші кезекте ішкі қобалжуды жеңу керек. Осы жағынан жұмыс жасайтын боламыз.

 

Спорт ханшайымы саналатын жеңіл атлетикадан ел деңгейіндегі тартысқа әр аймақтың беткеұстар өкілдері қатысты. Облыстағы 375 жеңілатлеттің ішінен тек 16 майталманға өлке намысын қорғау мәртебесі бұйырыпты. Арасында жүгіруден өңір чемпионы Анастасия Лукьянова да бар. Желаяқ жерлесіміз бөгеттер арқылы 100 метрлік қашықтықты бағындырған.

 

Анастасия Лукьянова, жарыс жүлдегері:

– Қазақстан біріншілігінде бәсекелестік мықты болды. Ел деңгейіндегі жарыс жолына алғаш шыққандықтан қатты қобалжыдым. Кейін өзімді ұстап, бар назарымды жылдам жүгіріп өтуге бөлдім. Нәтижесінде екінші орын алдым. Алдымды ораған қыздан мәре сызығына бір табан кеш жеттім.

 

Жергілікті спорт мектебінің үздік тәрбиеленушілері жарысты жалпыкомандалық есепте 5-ші орында аяқтады. Нәтижесінде 1 алтын, 5 күміс, 6 қола алқа еншіледі. Құрама қоржынындағы жалғыз алтын медальді Михаил Литвин салды. Оған қоса 400 метрлік қашықтықта желмен жарысқан Миша облыстың рекордын жаңартты.

 

Михаил Литвин:

– Қарсыластар тым шапшаң болды. Әсіресе Алматы және Ақтөбе облыстарының өкілдері аса жүйрік екен. Олардың қарқынынан асып түскеніме қуаныштымын. Енді АҚШ-та өтетін әлем біріншілігінде мықтылығымды дәлелдеуге тырысамын.

 

Әлемдік аренаны бағындырмас бұрын спортшы қысқы спорт түрлерінен өтетін Қазақстан біріншілігінде чемпиондығын дәлелдеуі керек.

 

Жеңіс Ермұқанов