Бизнес және экономика

Облыстың қаржы секторы тұрақты

 

2013 жылдың қаңтар-тамыз айларында өңірдің қаржы секторы барлық бағыттар бойынша тұрақты қызметін сақтап қалды. Облыста инфляция 2,5 пайыз деңгейінде, бұл республикалық көрсеткіштен 0,8 пайызға төмен.

 

Жомарт Қажырақымов, “Ұлттық банк” ММ СҚФ директоры:

-Еліміздің макроэкономикалық көрсеткіштері өсім көрсетті. Ішкі өнім 5 пайыздан артық өсті. Ұлттық қор 92 млрд долларды құрады. Жыл басынан 6-7 пайызға өсті. Сондықтан тұрақсыздық жоқ. Банк қызметі де жақсартты көрсеткіштерін. 68 млрд теңге несие берілді осы уақытта.

 

Бүгінде облыста екінші деңгейлі 18 банктің 62 құрылымдық бөлімшесі халыққа түрлі қаржылық қызмет көрсетуде. Тамыз айында жаңадан 2 бөлімше жұмысын бастады. Атап өтерлігі, үстіміздегі жылдың 8 айында банктер халыққа несие беруде белсенділік танытқан. Мысалы, жеке тұлғаларға рәсімделген несие көлемі өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 1,5 есеге артып, 20 млрд 473 млн теңгені құрады. Ипотекалық несиелендіру көлемі де өткен жылмен салыстырғанда 1,7 есе өскен.

 

Жомарт Қажырақымов, “Ұлттық банк” ММ СҚФ директоры:

-Әрине сұраныс болған соң, несиенің бағасы да артады. 3-4 банкте ипотекалық несиенің пайызы өскені байқалып отыр. Ал кей банктерде төмен түсті. Өзгелерінде сол қалпы сақталды.

 

Сондықтан, халықтың алаңдайтындай жағдайы жоқ дейді Жомарт Қажырақымов. Облыс бойынша ипотекалық несиенің орташа ставкасы 13-14 пайыз деңгейінде сақталып отыр. Екінші жағынан, тұрғындардың банктерге деген сенімі жыл санап артып келеді. Өңір тұрғындарының депозиттік салымдары 58 млрд теңгеге жеткен. Яғни, орташа алғанда жан басына шаққанда 100 мың теңгеден келеді. Валюта нарығында да даурығатын себептер жоқ. Шілде тамыз айларында доллар сату артқанымен, бұл өткен жылы саудаланған көлемнен әлдеқайда төмен.

 

Жомарт Қажырақымов, “Ұлттық банк” ММ СҚФ директоры:

-Жыл басынан салыстырғанда, 3 теңгеге қымбаттады. Банктерде ақша бар, сұратар туындамауы керек. Долларды сату 28 пайызға төмендеді. Ал рубль сату артты.

 

Күні кеше ғана Америка Құрама Штаттарындағы бюджетке қатысты туындаған мәселе де қазақстандық валюта нарығына айтарлықтай әсер етпеуі тиіс деген ойда облыстың бас қаржыгері.

 

Гүлмира Шоқтыбаева