Қоғам

Мектеп оқушылары ардагерлерге көмектесуде

 

9-сынып оқушысы Георгий Нацаренус күнделікті мектепке бара жатқанда Потанин көшесі бойындағы 87 үйде тұратын Татьяна Галицкаяға бас сұғады. Әрдайым жалғызбасты қарияға көмектеседі, терезелерін ашып, дүкенге барып керек-жарағын әкеліп береді.

 

Георгий Нацаренус, Ю.Гагарин атындағы № 14 орта мектептің 9 сынып оқушысы:

– Біз ылғи осы үйге келіп жәрдем көрсетеміз. Бүгін отын аралап жатырмыз. Ол жалғыз тұрады. Оның үстіне өздігінен жүре алмайды. Сондықтан көмектесу парызымыз деп санаймын.

 

Татьяна Тимофеевна 86 жаста. Еңбек жолын сонау сұрапыл соғыс жылдары ауылдық кеңестің хатшысынан бастаған. Кейін бастауыш сынып мұғалімі, балабақша меңгерушісі болған. Қарияның жолдасы – Ұлы Отан соғысының ардагері – бір жыл бұрын көз жұмған. Балалары алыста тұрады. Сондықтан өздігінен жүре алмайтын жалғызбасты қария оқушылар тарапынан жасалатын қолдауға риза.

 

Татьяна Галицкая, еңбек ардагері:

– Күйеуімнің көзі тірісінде мектеп оқушылары келіп тұратын. 14-ші мектеп ылғи маған көмек қолын созуға қуана келіседі. Төсекке таңылғаныма 4 жылдың жүзі болды. Қазір қасымда әңгімелесетін де жан жоқ. Сондықтан мектептен қыздар кеп үй жинап, менімен сырласады.

 

№14 мектепте тимуршылар командасы құрылған. Олар үнемі игі істен шет қалмай, қарияларға қолдау көрсетеді. Қыста қар тазалап, отын тасиды.

 

Ольга Романова, Ю.Гагарин атындағы № 14 орта мектептің қосымша білім беру педагогы:

-Көмек көрсетудің арқасында балаларды еңбекке баулимыз. Олардың бойында қайырымдылық, өзгеге қамқор болу сынды сезімдерді оятамыз.

 

№14 мектеп оқушылары 27 ардагерге көмек көрсетеді.

 

Мағжан Ахмадина