Қоғам

Мәслихат депутаттығына үміткерлердің сайлауалды үгіті басталды

 

Облыстық, қалалық, Ақжар және Тимирязев аудандық мәслихаттарында түрлі себептермен 6 депутаттық мандат бос тұр. Қазанның бірінші жұлдызында бұл орындарға үміткерлерді іріктеу жұмысы аяқталды. Облыстық сайлау комииссиясы депутаттықтан дәмелі азаматтардың арасынан 19-ын таңдап, бекітті. Енді халық қалаулысы атануға ниеттілер үгіт-насихат шараларына кірісіп кетті.

 

Асқар Сақыпкереев, СҚО сайлау комиссиясының төрағасы:

– Бүгінгі күні жергілікті атқарушы органдар мен сайлау комиссиясының бірлескен шешіміне сәйкес үгіт жұмыстарының қай жерде жүргізілетіні анықталып жұмыс атқарылып жатыр. Үгіт жұмысын тек қана үміткерлер емес, сенімді тұлғалары да жүргізуі мүмкін.

Бәйгеге түскендердің 15-інің жоғары, қалған үшеуінің орта кәсіптік білімі бар. Негізінен бюджеттік мекеме қызметкерлері, жеке кәсіпкерлер мен қоғамдық ұйым өкілдері. Орташа жастары 46-да. Депутаттық қызмет атқаруға нәзік жандар да белсенділік танытқан. Ел игілігіне жұмыс жасаймын деген 3 азаматша өз кандидатурасын ұсыныпты. Ортақ талап – үміткерлер тұрғылықты мекен-жайы бойынша сайланады.

 

Асқар Сақыпкереев, СҚО сайлау комиссиясының төрағасы:

– 114 учаскелік комиссия жұмыс істеп жатыр. 48 мыңнан астам сайлаушы дауыстарын береді деп ойлаймыз. Бар жұмыс облыстық, аудандық, қалалық сайлау комиссиясы бекіткен жоспар бойынша жүріп жатыр.

 

Өңірдегі барлық деңгейдегі бос депутаттық орынға үміткерлердің үгіт науқаны сайлауға 2 күн қалғанда доғарылады. Барлығы 6 сайлау округінде халық жасырын дауыс беру арқылы таңдауларын қағаз жүзінде нақтылайды. Оның нәтижесі бойынша қайсысының бабы мен бағы шапқанын осы айдың соңғы жексенбісінде білетін боламыз.

 

Жеңіс Ермұқанов