Құқық қорғау органдары

Алаяқ емшіге айып салынды

 

 

Жалған емшінің арбауына ондаған солтүстікқазақстандық іліккен. Олардың арасында балалар, аға буын өкілдері де бар көрінеді. Бақсы келушілеріне дәстүрлі медицинадан бас тартып, күн шуағы арқылы емделуге кеңес береді екен. Тұщы шай ішіп, арнайы әдебиет оқуды талап етеді. Арқасы ауырған қала тұрғыны дертіне дауа іздеп, әлгі емшінің көмегіне жүгініпті. Арада жарты жылдай уақыт өтеді. Емалушы бақсының айтқанын бұлжытпай орындап жүреді. Бірақ ем қонбапты.

Тағы бір қала тұрғыны қызының қаза табуына осы емші кінәлі деп отыр. Өйткені ол ұзақ уақыт «Фархат ата» емделу жүйесін қолданыпты. Бақсы күнге табыну барлық ауруларға ем болады деп ұйғарған. Сондықтан олар Есіл жағасына жиналып, дұға оқыған. Нақ осындай емделу бағдарламасын Қазақстанда қызметі 2008 жылы заңмен тоқтатылған «Алля- Аят» қоғамдық бірлестігінің өкілдері де қолданыпты.

Алаяқ өз кінәсін мойындаудан бас тартып отыр. Алайда сот заңсыз іспен айналысқан азаматқа қатысты өкім шығарды. Енді 49 жасар әйел 100 айлық есептік көрсеткіш, яғни 170 мың теңге көлемінде айыппұл төлеуі тиіс.

 

Мағжан Ахмадина