Бизнес және экономика

9 айдағы даму қорытындысы шығарылды

 

Мәселен, ас атасы – нанның бағасы 1,6 пайызға көтерілсе, макарон өнімдері 4,4 пайызға қымбаттаған. Сүт өнімдері – 1,7, ал  қант пен кондитерлік өнімдердің құны 3,6 пайызға өсті.  Солтүстік Қазақстанда күнкөріс минимумы республика бойынша орта деңгейде. Жылдың басында ол 15 мыңның шамасында болыпты. Қазір – 17840 теңге көлемінде. Солтүстікқазақстандықтар айына азық-түлікке табысының 10 мыңын жұмсайды. Күнкөріс мөлшерінің қалған 7 мың теңгесі – өзге тауарлар мен ақылы қызметтерге кететін шығын.

 

Наталья Родионова, СҚО статистика департаменті баға статистикасы басқармасының басшысы:

-Күнкөрістің ең төменгі деңгейінің шамасы халықтың әлеуметтік-демографиялық топтары бойынша есептегенде былай шығады: 13 жасқа дейінгі балалар үшін 15 мың теңге маңайында, 17 жасқа дейінгі жасөспірімдерге – 22 мың 205 теңге. Қыздардыкі бұдан 5 мыңға төмен. 18 жастан асқан еңбекке қабілетті ер азаматтарға – 21 мыңның шамасында, ал, әйелдер үшін 16 690 теңгені құрайды. Қарт адамдардың күнкөріс минимумының мөлшері 16 мың теңгеден асады.

 

Облыста жалақының орташа мөлшері 73 мың теңгеге жеткен. Бұл жөнінен Солтүстік Қазақстан әлі де болса өзге облыстардың соңында келеді. Қазір еңбекке жарамды тұрғындардың саны жалпы халықтың 63,6 пайызын құрайды екен. Десе де, жылдан жылға өмір сүру жасы ұлғаюда. Әйелдер ерлерге қарағанда 10 жылға артық жасайды.

 

Гүлшат Әділшінова, СҚО статистика департаменті әлеуметтік-демографиялық басқармасының бас маманы:

-Үстіміздегі жылдың басына  зейнеткерлік жастағы 100 әйелге 79 ер азаматтан келеді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жіктеліміне сәйкес, “ұзақ жасайтындар” деп 90 жастағылар аталады. Біздің облыста 90 жастағы және одан асқан 716 ұзақ жасағандар тұрады, оның ішінде 94-і ерлер және 622-сі әйелдер.

 

Әйелдердің орташа өмір сүру жасы 73 жыл болса, ерлер 62 жыл жасайды. Ер азаматтардың 63-те зейнетке шығатынын ескерсек, олардың көбі бұл межеге жете бермейтін көрінеді. Облыста қазір 100 жасаған 31 тұрғын бар. Олардың 29-ы – нәзік жанды, тек екеуі ғана – ер азаматтар.

 

Данаш Хамзина