Аптадағы маңызды жаңалықтар

Үкіметте тариф саясаты жайы талқыланды

 

Ел көлемінде табиғи монополия субъектілерінің тарифтері инвестициялық бағдарламалардың орындалуына сәйкес бекітіледі. Бүгінде аталған бағдарламалардың орындалуы бірнеше индикаторлық көрсеткіштерге тікелей тәуелді. Оның ішінде негізгі құрылғылардың тозуын, нормативтік шығындарды азайту қарастырылған. ҚР Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің төрағасы Мұрат Оспанов хабарлағандай, 2012 жылы республика көлемінде аталған салаға бағытталған инвестия көлемі 208,8 млрд теңгені құраған. Бұл 2011 жылғы көрсеткіштен 46 пайызға жоғары. Үстіміздегі жылы 230 млрд теңге бағыттау көзделген. Ал облыста инвестициялық бағдарламалар аясында биыл бұл салаға 1 млрд 668 млн теңге жұмсалады. Энергияүнемдеу және энергияны тиімді пайдаланудың нәтижесінде облыста тұтынушылардың 441 млн теңгесі үнемделген. Өңірде тарифте қарастырылатын нормативтік шығындардың көлемі де біршама төмендеді. Электр желілеріндегі шығындар 13,45, жылу трассаларында 17,5 және су шаруашылықтарында 18,9 пайызға дейін төмендетілді. Бұл республика көлемінде бекітілген шығындардың шекті көрсеткішінен әлдеқайда төмен. Келесі жылдан ел көлемінде нормативтен тыс шығындар мүлдем алынып тасталады.

Осы күні энергияны үнемді пайдалану бағытында жылу есептегіш құралдарын орнату жағы қиынға соғып тұрған жайы бар. Бүгінде есептегіш құралдарын орнату міндеті монополистерге артылып отыр. Табиғи монополияларды реттеу агенттігіндегілер бұл жұмыстарға облыс әкімдері де септесуі қажет деген ойда. Жасыл экономикаға көшу жолында елімізде жыл сайын аталған салаларға құйылатын инвестиция көлемін 30 пайызға арттыру жоспарланған. Нәтижесінде 2018 жылға қарай негізгі активтердің тозуын 52 пайызға дейін жеткізу межеленген. Ал есептеу құрылғыларын орнату көрсеткіші 2017 жылға қарай 90 пайызға жетуі тиіс. Үкімет отырысында бірқатар ассоциация жетекшілері тарифтік саясат, қызмет сапасын арттыру мен энергия үнемдеу бағытындағы өз ойларымен бөлісті. Жеке тәжірибесімен “Водные ресурсы маркетинг” ЖШС-нің басшылығы бөлісті. Премьер-министр жеке меншік менеджменттің тәжірибесін зерделеп, ел көлемінде пайдалану мүмкіндігін қарастыруды тапсырды. Сондай-ақ, көрсетілетін қызмет сапасын арттыру, инвестициялық бағдарлама аясында бөлінген қаражаттың тиімді пайдалануын қадағалауды жүктеді. Бүгінде облыста жаңа тарифтік саясат “Қызылжар су” кәсіпорнында жүзеге асуда.

 

Самат Ескендіров, облыс әкімі:

-Бұл мәселелерді қажет болса, алдағы уақытта жеке қарап, зерделейміз. Энергия үнемдеу және энергияны тиімді пайдалану бағытында “Қызылжар су” кәсіпорнында инвестициялық тариф бекітілді. Бұл болашақта табысты инвестицияға бағыттап, тарифті өсірмеуге мүмкіндік береді.

 

Жиын соңында облыс әкімі Самат Ескендіров барлық ведомство және аудан басшыларына қарттар күніне орай тиісті шараларды ұйымдастырып, аға буын өкілдерін назардан тыс қалдырмай, баршасына құрмет көрсетуді тапсырды.

 

Гүлмира Шоқтыбаева