Қоғам

СҚО әкімі аппараты ардагерлер ұйымының мүшелері қариялар күні құрметке бөленді

 

Қарты бар елдің қазынасы бар. Сондықтан, елімізде қашан да аға буын өкілдеріне ерекше құрмет көрсетіледі. Қарттар күніне орай, өңір басшысы С.Ескендіров облыс әкімі аппаратының бастауыш ардагерлер ұйымы өкілдерін мерекемен құттықтады.

 

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

– Сіздерді  бүгінгі халықаралық қарттар күнімен құттықтаймын. Аға буын өкілдері әрдайым Елбасының назарында. Біз жүктелген міндетті орындаймыз. Сондықтан бар күш-жігерімізді, қарттар мен тұрғындардың тұрмысын жақсартуға бағыттаймыз. Еліміздің дамуына үлес қосқандарыңызды ешқашан ұмытпай, әрдайым айтып жүреміз.

 

Өңірдің дамуына салмақты үлесін қосып, бүгінде жастарды тәрбиелеуге атсалысып жүрген 5 қария облыс әкімінің құрмет грамотасы мен алғыс хатына ие болды.

Облыс әкімі аппаратының бастауыш ардагерлер ұйымына 20 жыл толып отыр. Бастапқыда аталған мекемеге 16 аға буын өкілі кірсе, бүгінде қариялардың саны 40-тан асады. Ұйым құрылғалы оған басшылық етіп келетін Зинаида Беева да бүгін марапатталғандардың қатарында.

 

Зинаида Беева, СҚО әкімі аппаратының бастауыш ардагерлер ұйымының төрайымы:

– Бастауыш ардагерлер ұйымын 20 жылдан бері басқарып келемін. Осы уақыт аралығында талай нәрсе өзгерді. Біздің қармағымызда бастапқыда мұғалім, кейіннен партияға мүшелік еткендер мен кеңес өкіметі кезінде ел басқарған азаматтар бар.

 

Ардагерлердің өмірлік тәжірибесі мол. Өскелең ұрпаққа айтар ақылы, берер кеңесі, көрсетер жолы дұрыс. Сондықтан бүгінгі жетістіктеріміздің баршасы – аға буынның ерен еңбегі мен қажырлы жігерінің арқасы. Олар осы күні де егеменді еліміздің өсіп-дамуына өз үлестерін қосып келеді.

 

Жақсылық Ысқақов,СҚО құрметті азаматы:

– Бүгінгі мереке осындағы бүкіл қарттар үшін, осы Қазақстандағы бүкіл қарттарды істеген жұмыстары үшін, сендер сияқты жастарға тәрбие бергені үшін сыйлап, бізді қазір қарттарды барлығын шақырып сыйлап отыр. Артта келе жатқан жеткіншектерге біздің жолымызды берсін.

 

Марапаттау салтанаты концертке ұласты.

 

Бану Ахметова