Спорт

“Қызылжар” Шымкенттің “Қыранын” жеңді

 

 

Жергілікті аяқ доп шеберлері чемпионат көшбасшысы «Қайсар» құрамасынан 12 ұпай қалыс келеді. Егер қалған 5 кездесуді қызылжарлықтар өз пайдасына шешетін болса, Премьер-лига ойындарына өту күні алыс емес. Бірақ мүмкіндікті қалт жібермеу уақыт еншісінде. Бұған талпынған жерлестеріміз қонақтарды толассыз шабуыл астына алды. Бірақ бағыттаған футбол снаряды діттеген жерге жетпей отырды.

Алғашқы тайм ортасында әйтеуір қақпа кілті ашылды. Өңірлік бомбардир Олександр Згура турнирдағы 15-ші голын соқты.

Екінші кезеңде қонақтар қарсылас қақпасын жиірек нысанаға алуға кірісті. Солтүстікқазақстандық қақпашы Владимир Никлевич оңай жарылар жаңғақ еместігін танытты. Ұршықтай иірілген ала доптың бірі де қақпаға дарымады. Ойыншылардың алмасуы да ойын өрнегіне түк өзгеріс әкелген жоқ. Есеп сол күйінде қалды.

 

Владимир Никлевич, «Қызыл-Жар СК» ФК қақпашысы:

– Жеңіске жеткенімізге қуаныштымын. Келесі кездесулерді де ұтуға тырысамыз. Әр ұпай ауадай қажет. Жеңіс жолын жалғастырсақ, жоғарғы лигаға көшу мүмкіндігіміз бар.

 

Өлке футболшылары қазанның 23-інде өз алаңында Қаратаудың “Лашынын” қабылдайды.

 

Жеңіс Ермұқанов