Энергетика

Энергетиктер еңбек ардагерлерін құттықтады

 

 

Энергетика – ел экономикасының басты саласы. Осы залда отырған қариялар кезінде өңірдегі базаны құрып, оны көтеруде аянбай тер төкті. Төл мерекеде олардың еңбегі елеусіз қалған жоқ. Салтанатты жиында бір топ ардагерді облыс әкімінің орынбасары Владимир Балахонцев құттықтады.

 

Владимир Балахонцев, СҚО әкімінің орынбасары:

-Энергетикамен барлық саланың өміршеңдігі тығыз байланысты. Жылу мен жарық болса өзге іс те өнеді. Көргенді ардагер-энергетиктердің ақылынсыз аталған сала дамымас еді. Сол себепті, сіздердің экономиканы өркендетудегі еңбектеріңіз орасан.

 

Вдалимир Балахонцев 3 энергетик-ардагерге облыс әкімінің алғыс хаттарын табыс етті. Ер азаматтардан қалыспай еңбек еткен Нурия Бикметова да бүгін осындай зор ілтипатқа бөленіп, ризашылығымен бөлісті.

 

Нурия Бикметова, зейнеткер:

-Мен “Петропавл Жылу Желілері” ЖШС-не 1994 жылы келдім. Сөйтіп, 18 жылдан аса еңбек еттім. Қызметімді оператордан бастап, кейін инженер ретінде жалғастырдым. Жұмысым өзіме өте қатты ұнады. Қазір зейнетте болсам да, мені ұмытпай шақырғандарына разымын.

 

“Қарты бар ел – қазыналы ел”. Солтүстік Қазақстан Электр Тарату компаниясында 300-ден астам ардагер бар. Жас мамандарға білгенін үйретуге аға энергетиктер жалыққан емес. Александр Липовой – сондай абзал азаматтардың бірі. Оның 40 жылдан астам еңбегіне қарап тамсанасың, бүгінгі сергектігіне сүйсінесің. Ақсақал компанияда инженерліктен бастап директор дәрежесіне дейін көтерілген. Одан кейін де біраз қызметтің тізгінін ұстады. Қазір ол – осындағы ардагерлер кеңесінің төрағасы.

 

Александр Липовой, ҚР еңбегі сіңген энергетигі, “СҚ ЭТК” АҚ ардагерлер кеңесінің төрағасы:

-Мен бұл салада 1949 жылдан бері жүрмін. Сол себепті, энергетиканың қыр-сырын өте жақсы білемін деп айтсам, артық етпес. Мен 2-ші жылу электр орталығын салуға қатыстым, талай жауапты іске атсалыстым. Бүгінгі марапатталғандардың көбі – менің үзеңгілес серіктерім.

 

Салтанатты жиынға қатысқандар бұдан кейін естелік суретке түсті.

 

Данаш Хамзина