Қоғам

Ауыр машина жасау зауытының ардагерлеріне мерекелік құрмет көрсетілді

 

Бүгінде облыста 90 мыңнан астам зейнеткер тұрады. 348 ҰОС ардагері мен 15 мыңнан артық тыл еңбеккерінің көзі тірі. Қарттар күнін даналықтың мерекесі деп айтсақ артық болмас. Кешегі сан қилы кәсіптің хас шеберлері бүгінде бай еңбек тәжірибесімен бөлісетін кеңесшілерге айналды. Бұны Петропавл ауыр машина жасау зауытының аға буын өкілдерін мерекелерімен құттықтаған өңір жетекшісі ерекше атап өтті.

 

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

– Құрметті ардагерлер, сіздердің өмірлеріңіз ауыр кезеңдерге толы болды. Ұлы жеңісті жақындаттыңыздар. Жерлер жаппай тыңайтылды. Тоқырау кезеңіндегі сіздердің қажырлы еңбектеріңіз бірталай өндіріс ошағын сақтап қалды. Бүгінде зауыттар дамудың даңғыл жолына түсті. Жастарға үлгі-өнеге болар елжанды нағыз еңбек адамының қайталанбас тұлғасын қалыптастырдыңыздар.

 

Дәстүр бойынша қарттар мен мүгедектер айлығы қарсаңында қайырымдылық сенбілігі өтті. Қала абаттанды. Тазалық шарасынан жиналған бар қаржы енді соғыс және еңбек ардагерлері мен жарымжан жерлестеріміздің мұқтажына жұмсалмақ. Самат Ескендіров өз сөзінде өңіріміздің машина құрастыру саласының дамуына да тоқталды.

 

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

-Жарты ғасырдан астам тарихы бар Петропавл ауыр машина жасау зауытының әлеуеті жоғары. Өндіріс ошағының өнімдері  энергетика, мұнай өңдеу және темір жол салаларында сұранысқа ие. Зауыттықтар биыл 6 млрд теңгенің тапсырысын орындамақ. Бұл өткен жылдан 2 есеге артық. Киров атындағы зауыт 7 млрд теңгенің өнімін шығарды. “Мұнаймаш” АҚ өндірістік көлемі 1,5 млрд теңгеге жетті.

 

Бүгінгі кездесуге жиналған аға буын өкілдері құрметті зейнетке шыққанымен сүйікті істерін әлі жалғастырып келеді. Бірқатарын өңір басшысы облыстың дамуына қосқан сүбелі үлесі үшін алғыс хаттармен марапаттады. Еңбегі еленгендердің қатарында Мағамеджан Шаймергенов те бар. Қарт еңбеккер өз кезегінде облыс әкіміне зауыттықтардың өз қолымен жасаған естелік сыйлығын тарту етті. Жасы жетпіске таяп қалған Мағамеджан Азмағанұлы қырнаушы және темір ұстасы мамандықтарын қатар алып жүр. Шебер атасының жолын қуып, ізін басқан немересі де еңбек жолын осы зауыттан бастап, нәпақасын тауып келеді екен.

 

Мағамеджан Шаймергенов, “Петропавл ауыр машина засау зауыты” АҚ қырнаушысы, темір ұстасы:

– 70 жылдан осы зауытта еңбек етемін. 43 жыл болды. Екі мамандық меңгердім. Зейнетте болсам да жұмысымды тастағым келмейді. Жастарды тәрбиелеп үйретуге тырысамыз.

 

Жалпы бүгінде зауытта 1465 зейнеткер бар екен. Көбі құрметті демалыста болса да қоғамдық шаралардан шет қалған емес. Өскелең ұрпақты тәрбиелеуде қосатын үлестері молынан. 113-і тіпті жұмыстарын әлі атқарып жүр.

 

Сергей Липатов, “Петропавл ауыр машина засау зауыты” АҚ фрезершісі:

– Аға буын өкілдері қашанда ақыл-кеңестен аянып қалмайды. Ізбасарларына жақсы үлгі деп айтсам қателеспеймін. Біз олардың мол тәжірибесіне қарап бой түзейміз. Шеберлігімізді шыңдап қанаттана түсеміз.

 

Жиында бейнеттің зейнетін татып отырған қариялар өздерін толғандырып жүрген мәселелерін ортаға салды. Зейнеткерлер концерттік бағдарламалардың билеттеріне жеңілдік жасалуын қалайды. Самат Ескендіров сұрауларының құпталатынын жеткізді. Сондай-ақ қарттарға мемлекет тарапынан көрсетілетін қамқорлықтың сарқылмайтынын қадап айтты.

 

Жеңіс Ермұқанов