Аптадағы маңызды жаңалықтар

Ведомствоаралық комиссия отырысында құқықбұзушылықтың алдын алу мәселесі талқыланды

 

Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе – мәдени-бұқаралық шараларды ұйымдастыру және оларға құқық бұзуға жақын тұлғаларды тарту. Жыл басынан өңірде қоғамды игі жолға үндейтін 4 мыңнан артық бұқаралық шара ұйымдастырылыпты.  Дені заңның ала жібін аттауға әуестенбеудің қамында өткізілген. Көптің басын қосқан танымдық кештерге 1 млн. тарта адам атсалысқан. Мәдениет басқармасындағылар бұл бағытты жетілдіре түсу үшін материалдық базаның аздығы тұсау болып тұрғанын тілге тиек етті.

 

Наталья Пульникова,СҚО мәдениет басқармасы бастығының міндетін атқарушы:

564 мәдениет нысаны бар. Оның тек 115-і ғаламтор желісіне қосылған. Ауылдық жерлерде 300-ге тарта кітапхана жұмыс істейді. Оларға бар болғаны 36 компьютер бөлінген. Елді мекендерде маман тапшы. 2 мыңнан артық мәдени қызметкер бар. Кейбірінің айлығы 20 мың теңге ғана. Жалақының аздығынан жастар арнайы білімі бола тұра еңбек жолын өзге мамандықтардан бастайды.

 

Өңір жетекшісі ұсынысты назарға алатындығын жеткізді. Облыс әкімінің орынбасары Фархад Қуанғанов қылмыс жасауға құмар жандарды арам істен арылту үшін қоғамдық шараларға көбірек тарту керектігін алға тартты.

 

Фархад Қуанғанов, СҚО әкімінің орынбасары:

– Аптасына жүздеген, күніне 15 шара ұйымдастырылады. Оған 1 млн артық адам тартылған. Бұл бұрын-соңды болмаған көрсеткіш. Тек оларды саралап, қатысушыларды жіктейтін мүмкіндік жасалса, жақсы болар еді. Сонда біз заң бұзушылыққа жақын адамдардың игі жолға қаншалықты түскенін байқар едік.

 

Сондай-ақ отырыста маскүнемдікпен күрес жолдары талқыланды. Статистика қылмыстарды негізгінен ішімдіктің буына қызып алғандар жасайтынын көрсетіп отыр. Бүгінде диспансерлік тізімде арақ-шарапты құлқына құюға құмар 8305 жерлесіміз тіркелген. Жыл басынан ғана тағы алкагөлге салынған 800 адам анықталыпты. Десе де көрсеткіш былтырғыдан үш есе аз. Бұл нарколог мамандардың еңбегі.

 

Елена Смагина, облыстық наркологиялық орталықтың бас дәрігерінің м.а.:

– Наркологтардың негізгі қызметі ішімдікке салынудың алдын алу, қатерлі дерттен емдеп, толықтай айығуға көмек жасау. Әсіресе жасөспірімдердің зиянды затқа тәуелділігі алаңдатады. Бүгінде қауіпті топқа 148 кәмелет жасына жетпеген бала кіреді. Былтырғыдан 111 жеткіншекке кем. Бұл жағынан білім басқармасымен етене жұмыс жасаймыз. Жасырын сауалнама жүргіземіз.

 

Самат Ескендіровті маскүнемдікті ерте анықтаудың жолдары қызықтырды.

 

Елена Смагина, облыстық наркологиялық орталықтың бас дәрігерінің м.а.:

Біз әдістемелік құралдар әзірледік. Ұстаздар қауымы мен тәртіп сақшылары ондай сауалнамалар арқылы ішімдікке тәуелділерді анықтай алады. Сондай-ақ оқушылар арасында кәсіби кеңес жүргіземіз.

 

Жиында ұрлыққа қатысты қылмыстардың алдын алу шараларына ден қойылды. Биыл ғана тіркелген бар қылмыстың 71 пайызын бөтеннің мүлкіне қол сұққандар құрайды. Оның тең жартысы көліктегі бағалы заттарды жымқыртуға барғандар. Қолға леккенді алып пәтерлерді тазалап шығу, ұялы телефонды тартып алу, біреудің малын айдап әкету сынды фактілер де белең алған. Жалпы былтырғымен салыстырғанда бұндай келеңсіздіктер 26 пайызға көбірек тіркелген.

 

Думан Таев,СҚО ІІД бастығының орынбасары:

Облыс орталығында 36 бейнебақылау камерасы орнатылған. Олар орталық бақылау жүйесіне қосылған. Олардың көмегімен 7192 әкімшілік заң бұзушылық, 19 қылмыстың беті ашылды. Бұл тәжірибе өңірдің 8 ауданында ендірілуде. Қауіпсіз аула шарасын қолға алдық. Онда тағы 21 камера орнату жоспарланған. Иісшіл иттердің көмегімен талай тонау фактісі ашылды.

 

Жиында әлеуметтік мекемелер мен жеке меншік иелігіндегі бақылау құрылғыларын орталық жүйеге тарту ұсынысы көтерілді.

 

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

Күн тәртібінде қаралған мәселелер хаттамаға кіргізілсін. Қылмыстың алдын алу бағытындағы жұмыстарды жетілдіре түсу керек. Әсіресе жасөспірімдермен жұмыс жасалсын.

 

Жеңіс Ермұқанов