Білім

Ұстаздар тарихты оқыту тұжырымдамасын қайта қарауды ұсынады

 

Қазақстан тарихының барша отандастырымыздың дүниетанымын қалыптастыруда, патриоттық сезімін арттыруда және татулығын нығайтуда атқаратын маңызы зор. Бұл жайында бүгін дөңгелек үстелге жиналған педагогтар әңгіме өрбітті. Олар тарихты зерделеуге аса жауапкершілікпен қарау қажет дейді. Әсересе, мұғалімдер жаңа оқулықтар жазу үрдісіне қатысып, қазіргі әдебиетті пайдалануда ұқыпты болғандары жөн.

Бүгінде оқулықтардың көбі сын көтермейді. Ішкі мазмұны таяз. Өйткені, оларды тарихтан ойы да, ісі де алыс азаматтар жазса, екіншісі, бұрын кеткен қателер түзетілмейді екен. Осы орайда, аталған пәнді оқытудың жаңа тұжырымдамасын жасау қажеттілігі туындауда. Педагогтар оқушылардың тарихты оқуға құлықсыздық танытуының басты себептерінің бірі осы дейді.

 

Алексей Тюрин, СҚУ колледжі тарих пәнінің оқытушысы:

Бұл жерде бірнеше себеп бар. Негізгісі – оқытудағы қайталаулар. Балалар тарихты мектепте оқиды, кейін колледжде біз оларға сол кезең туралы қайтадан дәріс оқимыз. Бұл оларға қызықсыз. Қазір осы түйіткілді мәселелерді шешіп алуымыз қажет.

 

М.Жұмабаев атындағы колледждің оқытушысы Бақыт Амалбекова осы турасында өз пікірін білдірді. Оның айтуынша, тарихтың тамырын халық ауыз әдебиетімен сусындату керек.

 

Бақыт Амалбекова, М.Жұмабаев атындағы гуманитарлық колледждің тарих пәнінің оқытушысы:

-Қазақ жырауларында, халық ауыз әдебиетінде, қазақтың әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі, мәдениеті, сонымен қатар, тарихи тұлғаларына ерекше сипаттама берілген. Біз отандық тарихты жазуда өзіміздің ежелден келе жатқан халық ауыз әдебиетімізге көп назар аударуымыз керек. Мәселен, Левшиннің зерттемелері, әрине, ол қазақ тарихына өте көп үлес қосты, бірақ, сол кезде ресейлік саясат негізінде жазылды деп есептеймін.

 

Негізі бұл жиынға қатысушылардың мақсаты – жұмыс тобын құру болып табылады. Оған Қазақстанның беткеұстар тарихшылары кірмек. Аталған ұйым ҚР ұлттық тарихының маңызды мәселелерін зерттеумен айналысатын болады. Тарихшылар өздерінің ұсыныстарын білім саласындағы әдістемелік жұмыс және ақпараттық технологиялар орталығының сайтында қалдыра алады. Жергілікті педагогтардың көмегімен өңірлік мәліметтер базасы құрылмақ.

 

Данаш Хамзина