Білім

Ұстаздар өз әріптестері үшін шеберлік сабақтарын өткізді

 

Облысымыздағы бір топ мұғалім жас ұрпаққа заман талабына сай білім беру үшін Кембридж бағдарламасы бойынша үш айлық оқу курстарын меңгерген болатын. Солардың бірі – қаладағы №2 орта мектептің орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Валерия Островская.

 

Валерия Островская, №2 орта мектептің орыс тілі пәнінің мұғалімі:

– Біз қазір 7 а сыныбымен есімшені үйреніп жатырмыз. Бұл аталған тақырыптың бірінші сабағы. Бүгін есімшені мен емес, оқушылар топпен жұмыс істеу арқылы өздері меңгереді. Яғни, морфологиялық белгілері және ерекшеліктерімен танысады.

 

Сабақтың жаңа әдістемесі оқушылардың көңілінен шықты. Олар топтық жұмыс берілген тақырыпты жақсы түсініп, есте сақтауға мүмкіндік береді дейді.

 

Татьяна Севостьянова, №2 орта мектептің оқушысы:

– Бұл сабақтың ерекшелігі – топ болып жұмыс істегенде, әр оқушы өз ойын білдіре алады. Осылайша бәріміз бір-бірімізден білмегенімізді сұрап немесе түсіндіре отырып, баршамыз үйрене аламыз.

 

Үш айлық оқу курсында алған тәжірибесімен ұлағатты ұстаз әріптестерімен де бөлісті. Шеберлік сыныбына қатысқан мұғалімдер бүгінгі шарада алған мағлұмат молынан дейді.

Шеберлік сыныбы ағылшын тілінен де өтеді. Әзірге Гүлдана Исаева сабағына дайындық үстінде. Бүгінгі дәріс жануарлар әлеміне арналған. Ағылшын тілінің мұғалімі Кембридж бағдарламасы бойынша үш айлық курсты жуырда ғана меңгеріп шығыпты.

 

Гүлдана Исаева, №2 орта мектептің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі:

– Біз меңгерген бағдарлама еліміздің ұстаздары үшін өз ойын жетілдіре отырып, тәжірибе жүзінде сынап көруде үлкен көмек. Оқушыларға сабақты бұрынғы қалыппен емес, өзге қырынан яғни, шетелдік әдісті қолдану арқылы қызықты етіп түсіндіруге тырысамын. Осылайша балалар сабақта өз ойларын білдіре отырып, өзге оқушылармен бірге жұмыс істеуге үйренеді.

 

“Ұстазбен өмір бойы біргеміз” онкүндігі аясында өтіп жатқан шеберлік сыныбы мұғалімдер күніне орай ұйымдастырылып отыр. Шараның көздегені – аталған сала мамандарының мәртебесін арттыру. “Ұстазбен өмір бойы біргеміз” онкүндігі аясында өтетін шаралар қазанның 4-не дейін жалғасады.

 

Бану Ахметова