Спорт

“Қызылжар” командасы “Мақтааралдан” жеңіліп қалды

 

Кездесудің басталуына санаулы минуттар қалды. Стадионға лық толы жанкүйерлер сүйікті командасынан тек әдемі голдарға толы жеңіс күтеді. Футбол сүйерлердің үмітін ақтау үшін жергілікті аяқ доп шеберлері бірден әр қапталдан жойқын шабуылға басты. Алайда бар талпыныстары су сепкендей діттегеніне жетпей басылып отырды. Есесіне қарап тұрмаған мақтааралдық жігіттер кездесу арнасын өздеріне бұра білді. Қарымтаға көшкен қарсыласты шалып жығып тоқтатқан Станислав Шуляк ойыннан аластатылды. Оған қоса айып добы тағайындалды. Мүмкіндікті қалт жібермеген қонақтар қақпа кілтін ашты.

Оңтүстікқазақстандық құрама жергілікті ойыншылардың аздығын да ұтымды пайдалана алды. Алғашқы кезеңнің соңында қақпаға енді бір соққыны дәл дарытты. Өстіп қос қарсылас үзіліске 2-0 есебімен тарқасты.

 

– Үмітсіз шайтан демекші қатарынан жеңіс сыйлап келген қызылжарлықтардың бұл жолы ұтылуы екіталай деп ойлаймын.

– Бізге тек жеңіс қажет. Үмітіміздің ақталуын кездесу соңына дейін күтеміз.

 

Кездесудің екінші бөлігінде намысты қолдан бергісі келмеген алаң иелері тізгінді қайтармаққа әрекет етті. Допты ұршықтай иіріп әутеуір қарсылас қақпасын алды.

Алайда жанкүйерлердің қуанышы көпке созылмады. Тас қамалдай қорғаныс үшінші мәрте сыр берді. Доп өңір қақпасынан табылды. Бұған мойымаған қызылжарлықтар есені қайтаруға барынша тырмысты. Шабуылдары нәтиже беріп, жергілікті құраманың белді мүшесі Руслан Мансұров кездесудегі екінші голын соқты.

Алайда қол уақытынан кеш сермелді. Есепті теңестіруге уақыт жетпей қалды. Үш ұпай қонақтардың еншісінде кетті.

 

Руслан Мансұров, «Қызыл-Жар СК» ФК шабуылшысы:

Жеңілгенді жер көтереді. Алда әрі ойындар бар. Сондықтан бүгінгі сәтсіздікті қайталамас үшін жақсылап дайындалу керек. Ендігі кезекте жанкүйерлерімізге тек жеңіс сыйлауға тырысамыз.

 

Қазанның бірінде жергілікті құрама өз алаңында Шымкенттің “Қыранын” қабылдайтын болады.

 

Жеңіс Ермұқанов