Спорт

Байкерлер жазғы маусымды жапты

 

 

«Әке көрген оқ жанар» демекші, байкерлердің арасындағы жасы ең кішісі Артемий Тимофеевті кішкентай кезінен мотоциклмен дос болуға әкесі үйреткен. Ол Артемийді 6 жасынан екі аяқты көлікке мінгізіп, жанынан бір елі тастаған емес.

 

Артемий Тимофеев, байкер:

Алғаш рет әкем үйге мотоциклмен келгенде мен оған жүргізіп қайтсын деп қолқа салдым. Маған қатты ұнады. Кейін соңынан қалмай ылғи бірге жүретін болдым.

 

Инна Сынкованың мотоциклді жанына серік еткеніне не бары 2 жыл ғана болыпты. Басында бұл көлік түрі мүлдем ұнамайтын дейді нәзік жанды. Бір рет мініп, жүргеннен кейін көзқарасым өзгерді, қазір онсыз өзімді елестете алмаймын дейді Инна.

 

Инна Сынкова,байкер:

Мотоциклмен жүргенде желмен жарысқандай әсер алады екенсің. Сондықтан да бұл көлік түрі бірден ұнады. Ыңғайлы, әрі жылдам жүреді. Суық болса да, алған әсерді айтып жеткізе алмайсың.

 

Маусымның жабылуын атап өту үшін бас қосқан байкерлер Пестрое көлінің жағасындағы «Солтүстік жұлдыз» саябағына жиналды. Биылғы маусым біздер үшін жақсы өтті дейді «Северный ветер» мотоклубының президенті  Кирилл Майсак.

 

Кирилл Майсак, «Северный ветер» мотоклубының президенті:

– Биылғы маусым әлдеқайда сәтті өтті. Жалпы қала бойынша байкерлер көбейіп келеді. Біздің клубқа негізінен ересектер жазылған. Әуесқой мотоциклшілер болғандықтан, біз жарыстар ұйымдастырмаймыз.

 

Кейін маусымның аяқталуын атап өтуге жиылған байкерлер жол полициясы экипаждарымен бірге қаланың орталық көшелерімен жүріп өтті.

 

Вадим Яценко, СҚО ІІД ӘПБ бастығының орынбасары:

– Жолда жүру ережелерінің алдын алып, заң бұзушылықтардың санын қысқарту мақсатында біз «Северный ветер» мотоклубымен бірлесіп, арнайы шара ұйымдастырдық. Онда «Көршілер бақылауы» бағдарламасын насихаттап, арнайы жалаушалармен қала көшелерімен жүріп өтеміз.

 

Маусымның аяқталуын атап өту үшін солтүстікқазақстандық байкерлерге Көкшетаудан, сондай-ақ, Ресейдің Түмен, Қорған қалаларынан келген қонақтар ортақтасты.

 

Мағжан Ахмадина