Спорт

Абылай ханның 300 жылдық мерейтойына орай сәйгүліктер сайысы өткізілді

 

 

Абылай хан үш жүздің басын қосқан 18-ші ғасырдағы даңқты қазақ қолбасшысы. Алты алаштың намысы үшін өмірін ат үстінде өткізген парасатты елші. Жауға Абылайлап қарсы шапқан Әбілмансұр қазақ даласындағы ең беделді әміршіге айналды. Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді. Бүгінгі ұрпағы Абылай ханның рухына тағзым етіп, үш жүз жылдығына орай ат шаптырды.

 

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

– Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Абылай ханның ерліктері қазақ рухын қайта түлетудің алтын діңгегіне айналды деп ұлы Абылайдың ел тарихындағы орнын ерекше атап өтті. Ол саяси қайраткер бола тұрып, қалмақпен аса ауыр соғыста елдің есін жиғызу үшін дипломатиялық жолдарды тиімді пайдаланған. Тарихи жазбалар мен жыр дастандардағы деректер Абылайдың атақты қолбасшы, қас батыр, парасатты елші болғанын дәлелдейді. Қазақ тарихындағы қайталанбас ірі тұлғаны құрметтеп, оның тұла бойындағы асыл қасиеттерді тәуелсіз елдің жастарына үлгі-өнеге ету – біздің парызымыз.

 

Сондай-ақ облыс әкімі өз сөзінде өңіріміздегі ат жарыстың кезекті тартысында жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар озсын деп игі тілегін жолдады.

 

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

– Ат – ер қанаты демекші, елін-жерін жаудан қорғаған батырлардың жан серігі астындағы аты болған. Қазақтың ұлттық спорт ойындарының өзіндік тарихи даму жолдары, қалыптасу кезеңдері бар. Еңселі еліміз үшін саламатты өмір салтын қалыптастыруда ұлттық спорт түрлері ерекше орын алады. Ұлы бабамыздың рухына бағышталған тұлпарлар додасы көпшіліктің лайықты бағасын алады деген үміттемін.

 

Ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық спорт түрінен мықты атануға бел буғандар 50 сәйгүлікті үкілеп әкеліпті. Жер тепкен тұлпарлар негізгі ісіне кіріскенше көпшілік назарына тарихта алтын әріптермен жазылған ұлы тұлғаның өмірінен сыр шертер қойылым ұсынылды.

Жарыстың шымылдығын бірінші болып, жай шорқақтап шапқан құнандар ашты. 5 шақырымдық қашықтықта 10 атты басып озған “Лама” есімді таза қанды француз сәйгүлігінің шабандозы Берік Айтпаев мәреге жеке дара келді. Жарыс алаңындағы келесі тартыста да Ақмола облысының намысын арқалаған Николай Бабичевтің асығы алшасынан түсті. Алдымен үш жасқа дейінгі, кейін үлкен жастағы желіс аттардың арасынан жүйріктері анықталды. Соңғысында Қызылжар ауданының қамбар ата төлінің тілін 40 жыл бойы тауып жүрген атбегі, әрі шабандоз Әбуәли Нұрметовтың жұлдызы жанды. Аттың құлағында ойнап жүрген спорт шеберіне серігі биылдың өзінде талай жеңіс сыйлапты.

Су шайқалмас жорғалар сынында өлкеміздің енді бір жүйрігі өзгелерді шаң қаптырды. 4 айналым бойы тізгінді бермеген жеңімпаз – Есіл ауданының жокейі Вячеслав Таровников.

Иісі қазақтың делебесі қозып, тағатсыздана күткен аламан бәйге де басталып кетті. Бақ пен бапты таластырып үзеңгіні күрт-күрт шайнаған сәйгүліктер оқтай ұшты. Алайда желмен жарысқан қарқынды көбі ұстай алмады. Ат жарысында тұлпардың бәйгеге қаншалықты бапталғаны бірден көрінеді. Бірқатарына 15 шақырымдық жол ауыр тиді. Көбі қашықтықты соңына дейін жүріп шығуға жарамай жатты. Жарыстың ортасында тек жартысы қалды. Ал екі айналым қалды дегенде көбі тартыстан ығысып, тігілген бас жүлденің тағдыры тек үздік үштіктің қолында болды. Бұл бәсекелестікте басын биік ұстап, құнан бәйгеде де мәре сызығын бірінші болып кескен Ақмола облысы шабандозының тағы айы оңынан туды.

Суырылып алға шыққандар дипломмен марапатталып, ақшалай сыйақыға ие болды. Бәйге десе ішкен асын жерге қоятын көпшіліктің де айызы қанып, сәйгүліктердің шабысынан мол әсер алып қайтты.

 

Жеңіс Ермұқанов