Мәдениет

№ 1 өнер мектебінде фортепиано музыкасының кеші өтті

 

Халықаралық музыка күні №1  өнер мектебі тәрбиеленушілері мен ұстаздарының өзіндік бір кәсіби мерекесі. Өнер иелері бұл күнді жыл сайын атап өтеді. Мерекеге орай, жиналғандарға өз өнерін Элина Аркадьева паш етуде. Ол кішкентайынан фортепианода ойнағанды ұнатады.

Сахнада әлемдік өнерден ойып тұрып орын алған Шопен, Хачатурян, Фибих, Дүйсекеев, Шуман сынды белгілі композиторлардың туындылары шырқалуда.

 

Элина Аркадьева, №1 өнер мектебінің оқушысы:

Мен кішкентай кезімнен өнерге жақын болдым. Сондықтан осы мектепке түстім. Бүгін өзіме ұнайтын барлық туындыларды ұсынудамын. Келешекте де осы шығармашылық жолымды жалғастырғым келеді.

 

Концерттің өтуіне мектеп ұстаздары мұрындық болған. Өнер ошағына биыл 68 жыл толыпты. Осы уақыт аралығында білім шаңырағынан 3 мыңнан астам солтүстікқазақстандық дарын қанат қаққан.

 

Владимир Калганов, №1 өнер мектебінің директоры:

– Қазір бізде 200 бала білім алуда. Аспаптарда ойнап, сурет салуды және вокалдық ән айтуды үйретеміз. Көп түлектеріміз ұстаздық етуде. Талай халық әртістерін дайындадық.

 

Концерт тыңдаушылардың көңілінен шықты.

 

Елена Кричиневская, №8 эстетикалық тәрбие беру мектеп-кешенінің фортепиано сыныбы бойынша ұстазы

Мерекелік концерт ұнады. Жалпы осы өнер мектебінен шығатын балалар ылғи көзге түсетін. Өнерлі жастар көп. Олар түрлі жарыстарда да жақсы нәтиже көрсетеді.

 

Бұл күні ұйымдастырылған шарадан мектеп түлектері де тыс қалған жоқ. Қазір облыстық филармонияның қатарында өнер көрсететін әртістер білім шаңырағын музыка күнімен құттықтап, әннен шашу шашты.

 

Мағжан Ахмадина