Құқық қорғау органдары

Жол полицейлері қоғамдық көліктерді тексеруде

Жол сақшылары үш күннің ішінде ереже бұзбайтын қоғамдық көлік бағытын таппапты. Мәселен, мына 5-ші бағыттағы автобус жеңіл көлікпен соқтығысып қалған. Жол апаты жолаушылар тасымалы нысанындағы жүргізушінің абайсыздығынан туындаған. Енді кінәлі жүргізуші куәлігінен айырылуы мүмкін. Немесе соттың шешімімен 17 мың теңге  айыппұл  салынады.

 

«Ваз-2105» автокөлігінің жүргізушісі:

– Мен бағдаршамға келіп тоқтағанымда артымнан келіп автобус соғылды. Шығып не болды деп сұрағанда – үлгеремін деп ойлағандығын айтты.

 

Шара барысында тәртіп сақшылары жылдамдықты шамадан тыс асыратын жүргізушілерді анықтауға ден қойды. Жолаушының қауіпсіздігінен пайданы жоғары қойып, көлікті қатты жүргізген 10-ға тарта тасымалдаушы ұсталды. 15-і рөлде отырып, ұялы телефонмен сөйлескен. Бұндай немқұрайлық үшін заңмен 9 мың теңгенің айыппұлын төлеу жазасы қарастырылған. 14 жүргізуші тиісті құжатсыз жұмысқа шыққан. 70 автобустың қоршаған ортаға зиянды заттарды шектен артық бөлетіндігі анықталды.

 

Сергей Гизбрехт,СҚО ІІД ЖПБ аға инспекторы:

– Алғашқы күннің өзінде 90-нан артық жол ережесін бұзушылық фактісі тіркелді. Шара аясында көліктен бөлінетін түтіннің мөлшерін арнайы құрылғымен өлшедік. Күкірт қышқылы ағзаға улы зат саналады. Қажетті деңгейден асқаны 2 АЕК мөлшерінде айып төлейді. Қайталанса, ол құн 5 АЕК мөлшеріне жетеді.

 

Рейд барысында түнгі уақытта қоғамдық көліктердің көп бөлігі аула маңы мен жеке тұрақтарға қойылатындығы белгілі болды. Бұл да заңға қайшы әрекет. Жалпы үш күнде жолаушылар тасымалын кәсіп еткендер тарапынын жасалған 208 заң бұзушылық анықталды. Жыл басынан автобустардың қатысуымен 15 жол апаты орын алыпты. Салдарынан үш адам қаза тауып 18-зі түрлі дене жарақаттарын алған. Тең жартысы қоғамдық көлік жүргізушілерінің кінәсі.

 

Жеңіс Ермұқанов