Қоғам

Тұрғындарға мемлекеттік қызметті сапалы көрсету

 

Ағымдағы жылдың 8 айында жергілікті атқарушы органдар халыққа 349 мыңнан астам қызмет түрін көрсеткен. Мемлекеттік органдарға азаматтардан түскен арыз, өтініштердің уақытылы қаралмау фактілері де кездеседі. Мұндай 14 жағдай тіркелді. Оған себеп адами фактор және техникалық қателіктер болып отыр. Баспанаға мұқтаж азаматтарды үй кезегіне алу жағында да заң бұзушылықтарға жол берілуде.

 

Жанат Жұмабаев, ҚР мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігінің СҚО бойынша басшысының орынбасары:

– Баспанаға мұқтаж азаматтарды үй кезегіне қоюда тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласында 9 заң бұзушылыққа жол берілген. 5-еуі жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар саласында.

 

Бүгінгі күні тұрғындар мемлекеттік қызметтің біраз бөлігін халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы алады. Сондықтан жергілікті атқарушы органдар 350 мыңнан астам түрлі мемлекеттік қызметтің 18 мыңнан астамын осы аталған орталық арқылы көрсеткен.

 

Қайрат Әскербеков, СҚО халыққа қызмет көрсету орталығы директорының орынбасары:

– Жалпы, халыққа қызмет көрсету орталығында мемлекеттік қызметтің 171 түріне жүгінуге болады. Айталық, биылғы жылдың 8 айында қызметкерлер тұрғындардан 537 өтінім қабылдады. Яғни мемлекеттік қызметтің барлық түрлері бойынша.

 

Қоғамдық кеңестің кезекті отырысында мемлекеттік қызмет көрсету кезінде кететін қателіктерді жою жағы да сөз болды.

 

Азамат Байтеміров, СҚО әкімдігі аппаратының электронды мемлекеттік қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі:

– Тұрғындарға мемлекеттік қызметті уақытылы көрсетпей, заң бұзушылықтарға жол беріп жатқандардың қатары азайып келеді. Дегенмен бұнымен тоқтап қалған жоқпыз. Әлі де болса, осы жағдайлардың алдын алу мақсатында әр түрлі шаралар қолға алынуда.

 

Қоғамдық кеңеске қатысушылар әр жиында атқарылған істерді қорытындылап, кеткен қателіктерді болдырмауға күш салуымыз керек десті. Сонда ғана халыққа көрсетілетін қызмет сапаланады.

 

Бану Ахметова