Ауыл шаруашылығы

Сенаторлар өңірдің бірқатар кәсіпорындары мен агроқұрылымдарын аралады

 

 

Ауыл шаруашылығы вице-министрі мен сенаторлар алдымен “Якорь-СК” ЖШС танап басында болды. Агроқұрылым биылғы егісте 8 мың Га алқапқа дәнді дақылдар тұқымын сіңіріпті. Оның 4,5 мыңы ырыс дәні бидайдың үлесінде. Астаналық меймандар егіннің бітік шыққанына іс жүзінде көз жеткізді. Бүгінде астықтың 97 пайызы  дестеге түсіріліп қойылыпты. Бастырылған сары алтынның гектар берекелігі 19 центнерден айналуда.

 

Владимир Очеретенко, “Якорь-СК” ЖШС директоры, Қызылжар ауданы:

– Жауын-шашын түспесе, қалған шаруаны бүгін тындырып қояр едік. Соғылған бидайдың барлығы дерлік үшінші сұрыпты. Кілегейлілігі жоғары. Сапалы астықты еш алаңсыз орып алуға үкімет үлкен қолдау көрсетті. Қауырт кезең бойы субсидияны пайдаландық. Су жаңа 4 комбайн сатып алдық.

 

Серіктестік жер өңдеумен қатар мал шаруашылығын қолға алыпты. Өрісте оттап жүрген 2200 ірі қараның үштен бірі сауын сиырлары. Екі жыл алаңсыз қыстап шығуға жем-азық қоры жеткілікті жиналған.

Кейін меймандар “Сұлтан-элеватор-макарон-кешені” АҚ ат басын тіреді. Астық қабылдау қоймасының сыйымдылығы 93 мың тонна. Жұмсақ және қатты бидай тартатын екі диірмен бар. Күніне 200 мың тонна ұн үгуге қауқарлы. Халық қалаулылары өндіріс ошағының 4 желілік макарон цехын аралады. Мұнда тәулігіне 192 тонна макарон өндіріледі. Озық үлгідегі қондырғылардың арқасында ұннан 30-дан артық тағам түрлері жасалады.

 

Идрис Картал, “Сұлтан-ЭМҰК” АҚ бас директоры:

– Макарон цехында 360 адам еңбек етеді. Жұмысшылардың орташа айлық жалақысы 72 мың теңгені құрайды. Өнімдеріміз тек Қазақстан нарығында ғана өткізілмейді. Сырт мемлекеттерге танылып экспортқа шықтық. Ресей, Украина, Қырғызстан, Өзбекстан,Түркіменстан, Тәжікстан, Ауған елдеріне де тасымалдаймыз.

 

ҚР Парламенті Сенатының Табиғатты пайдалану және ауылдық аймақтарды дамыту комитетінің төрағасы Сергей Кулагин жұмысшылармен тілдесті. Дайын өніммен танысты. Кәсіпорын мүмкіндігін барынша пайдаланып, шығарылатын өнім көлемін ұлғайту қажет деді.

 

Сергей Кулагин, ҚР Парламенті Сенатының Табиғатты пайдалану және ауылдқ  аймақтарды дамыту комитетінің төрағасы:

– Кәсіпорынның қарыштап дамып келетіндігі қуантады. 1993 жылы Елбасы іргесін қалағанда мен де болдым. Бүгінде өндірісі жақсы жолға қойылған ірі кешенге айналды. Әсіресе макарон тарту саласы жақсы дамыған. Алайда ұн үгуді ұлғайтуға болады. Сұраныс болатынына күмән келтірмеймін. Ол үшін қуатты екі диірмен салынған.

 

Елордалық жұмыс тобының сапарының негізгі мақсаты ауыл шаруашылығына қатысты күшіне енген соңғы заңнамалардың жүзеге асуын саралау.

Кейін қонақтар Орталық Азиядағы баламасы жоқ бірегей сүт зауытының жұмысымен танысты. Жылдық қуаты 85 мың тонна, ал тәулігіне бұл кәсіпорын 500 тоннаға дейін өнім шығаруға қауқарлы. Сенаторлар мен ауыл шаруашылығы вице-министріне жаңартылған нысанның өндірістік корпусы мен озық үлгідегі қондырғылары көрсетілді. Автоматтандырылған жүйе сағатына 9,5 мың дана қаптама орап шығара алады. Инвестициялық жобаның жалпы құны 3,5 млрд теңгені құраған. Тетрапак әдісімен қапталған өнімнің 40-қа тарта үлгісімен танысқан меймандар зауыттың жұмысына оң бағасын берді.

 

Жеңіс Ермұқанов