Мәдениет

Қыркүйектің соңғы жексенбісінде мәдениет және өнер қызметкерлері кәсіби мерекелерін атап өтеді

Қазақ халқы “Өнерлінің өрісі кең” деп біліп айтса керек. Қоғам айнасы саналатын ұлттық мәдениеті дамыған елдің қашан да рухани тұғыры биік болады. Бүгінде облыста 600-ге тарта өнердің қара шаңырағы бар. Барлығы мәдениет саласында 2 мыңнан артық адам еңбек етеді. Төл мерекелері қарсаңында өнердің жілігін шағып, майын ішкен, сүттің бетіндегі қаймақтары осы залға жиналды.

Салтанатты жиында қоғаммен біте қайнасып, өлке мәдениетінің дамуына сүбелі үлесін қосқандар түрлі марапатқа ие болды. Бірқатарына облыс әкімінің құрмет граммотасы мен алғыс хаты табысталды. Еңбегі еленгендердің қатарында Уәлиханов аудандық мәдениет үйінің “Кербез қыз” би ұжымының жетекшісі де бар. Хуанған Иманхан ұлттық дәстүрді жаңғыртып, ауылдың дарынды жастарын көне қазақ би түрлеріне машықтап жүр.

Мәдениет министрлігінің марапаттары да өз иелерін тапты. 5 жерлесіміз «Мәдениет саласының үздігі» төс белгісіне қол жеткізді.

Салтанатты жиыннан соң кәсіби мереке иелері сахнаның сәнін келтіріп, ән әуелеп, мың бұрала би биленген әуезді бағдарламаға ұласты.

 

Жеңіс Ермұқанов