Спорт

Ел чемпионатында солтүстікқазақстандық автошабандоздар жеңіске жетті

Бұл видео автожарыстан өткен ел чемпионатта түсірілген. Онда жерлесіміз Иван Пономаревтың қарсыластарынан суырылып, алға шыққанын байқауға болады. Спортшы мінген темір тұлпардың қозғалтқыш қуаттылығы 400 аттың күшіне тең келетіндіктен жарыста жерлесімізбен терезе теңестірер қарсылас табылмапты.

 

Иван Пономарев, ралли кросы бойынша спорт шеберіне үміткер:

-Ел чемпионатына жақсы дайындалдық. Жарыс жолына шыққанда өзіме сенімді болдым. Сондықтан да бастапқыда қарсыластарымды қуып жетуге тырысқан жоқпын. Тек соңғы айналымда ғана газды қатты беріп, алға суырылып шықтым.

 

Бұл дода қазақтың бәйгесіне ұқсас. Ең бастысы – ат тұяғы жерге тимей озу үшін оны ұзақ баптап, күтім көрсету керек. Темір тұлпарға да керегі осы. Жақсылап сайлаған жөн. Әрбір бөлшектеріне дейін. Сонда ғана жарыста темір тұлпар иесіннің сенімін ақтайды.

Негізінде жерлесіміз мұндай жарыстарды қалт жібермей шама-шарқынша қатысып отырады екен. Ал, спорттың бұл түріне ден қойғанына 6 жылдан асқан.

 

Иван Пономарев, ралли-кросс бойынша спорт шеберіне үміткер:

– Автокөлігімнің өзге тұлпарлардан ерекшілігі ол ішкі құрылысында. Бірақ бұл құпияда сақталады. Және темір тұлпардың салмағы да өзге көліктерге қарағанда жеңіл. Сондықтан да орында тұрып тез қозғала алады.

 

Астанада автожарыстан өткен чемпионатқа еліміздің түкпір-түкпірінен 20-дан астам спортшы жиналыпты. Ал біздің өңірден аталған сайысқа екі команда қатысып бірінші, екінші орындарды иеленіп қайтқан.

 

Бану Ахметова