Энергетика

Биыл «СКРЭК» АҚ жөндеу және қалыпқа келтіру жұмыстарына 858 млн теңгеге жуық қаржы жұмсады

 

 

«СКРЭК» АҚ СҚО 8 ауданын және Петропавл қаласын электр энергиясымен қамтамасыз етеді. Ағымдағы жылы кәсіпорын инвестициялық бағдарлама аясында желілер мен станцияларда жөндеу және қалыпқа келтіру жұмыстарын жүргізуге 857,2 млн теңге қаржы бөліпті. Бүгінгі таңда оның 75 пайызы игерілген.

 

Вячеслав Утябаев, «СКРЭК» АҚ өндіріс бойынша вице-президенті:

-Бөлінген қаржыға биыл «СКРЭК» АҚ аумағында орналасқан май шаруашылғында жаңғырту жұмыстарын жүргізді. Ол мекеменің экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Оған 20 млн теңге жұмсалды. Кейін Шәжімбаев көшесі бойындағы ұзындығы 1,54 шақырым болатын 10 киловольттық әуе желілері және Абай көшесі бойындағы желілер жаңаға алмастырылды. Оған 12 млн теңге жұмсалған болатын.

 

Кейін брифингке қатысушылар кәсіпорын өкілдеріне өз сауалдарын жолдады. Қоғам өкілдерін әсіресе, әуе желілеріндегі алмастырылып жатқан жұмыстардың сапалылығы қызықтырды.

 

Александр Рейзлин, «СКРЭК» АҚ президенті:

– Біз әуе желілерін заманауи СИП-3 маркалы сымдарға алмастырып жатырмыз. Олардың арқасында электр энергиясы шығындарын азайтып, бұзылу көрсеткішін төмендетуге болады. Ол электр беру желілерінің өткізу қабілетін де арттыруға септеседі. Мұндай сымдар тұрғындар мен қызмет көрсететін кәсіпорын қызметкерлерінің қауіпсіздігі үшін де жақсы.

 

Кейін кәсіпорын баспасөз өкілдері мен жиналғандарға Ғ.Мүсірепов көшесі бойындағы 10 киловольттық №8  тарату пунктінде жасалған жұмыстар барысын көрсетті. Мұнда энергетиктер тозығы жеткен электр жабдықтарды заманауи құрылғыларға алмастырған. Оған 36,307 млн теңге жұмсалыпты. Бұл ғиамарат қаладағы 3000 тұтынушысы бар «Молодежный » ауданын сапалы электр энергиясымен қамтамасыз етуге септеспек.

 

Александр Черников, «СКРЭК» АҚ қалалық электр желілерінің бас инженері:

– Бұрын мұнда 1968 жылы құрылған пункт болды. Әбден тозығы жеткен станция жиі істен шығып, ыңғайсыздық тудыратын. Енді жаңа орнатылған тарату бекеті еш қиындық тудырмайды. 25 жыл бойы жөндеусіз қызмет көрсетуге қауқарлы.

 

Кейін жиналғандарға қосалқы трансформаторлық станцияларда жүргізілген жөндеу жұмыстары көрсетілді. Жалпы биылғы жылы кәсіпорын 50,14 млн теңгеге осындай 10 қосалқы станцияны жаңартудан өткізген.

 

Мағжан Ахмадина