Ауыл шаруашылығы

Ауылдық аумақтарды дамытуға қатысты заңнамаларды жетілдіру жайы талқыланды

 

 

Заң шығарушы орган өкілдері – сенатор Сергей Кулагин бастаған бір топ депутаттар өңірге жергілікті агроқұрылым өкілдерінің мәселелерімен танысу үшін келіп отыр.

 

Сергей Кулагин, ҚР Парламенті Сенатының табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің төрағасы:

-Біздің басты міндетіміз – заң шығару болғанымен, бүгін бұл заңдардың жергілікті жерлерде қалайша орындалып жатқанымен танысу. Заң актілері тиімді жұмыс істеуі үшін сіздердің ұсыныстарыңызды тыңдайтын боламыз. Соңғы 10 жыл көлемінде 17 заң, 3 кодекс қабылданды. Олардың барлығы халықтың игілігіне қызмет етуі тиіс. Бүгін сіздер көтерген мәселелерді тыңдап, оларды алдағы уақытта қарауға тырысамыз.

 

Комитет мүшесі – ҚР Сенатының депутаты Серік Біләлов ауыл шаруашылығы саласында қолға алынып жатқан ауқымды істерді тілге тиек етті. Өңірдегі агроөнеркәсіп кешенінің дамуына облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров тоқталды. Бұдан соң, отырысқа қатысқандар комитет мүшелеріне өз сауалдарын жолдады.

 

Марат Тасмағамбетов, Ғ.Мүсірепов ауданының әкімі:

-Өсімдік шаруашылығымен айналысатын ауылшаруашылығы тауарларын өндірушілерге субсидия астықты ведомствоаралық комиссия мүшелері қабылдаған соң беріледі. Бекітілген екі апталық мерзімде 300, 600 мың га алқаптарды қарап үлгере алмайды. Сондықтан, субсидия беру механизмін жеңілдетуді сұрап отырмыз.

 

Мүсілім Өмірияев, ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі:

-Бұл өте маңызды мәселе. Бір жағынан субсидия беруді жеңілдету, яғни ерте уақыттан беру – оның тиімді пайдалануын ескерілмей қалуына мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта біз шетелдік тәжірибені қарастырудамыз. Оның негізінде, астықты алқаптардың барлығын емес, тәуекелдігі жоғарысын ғана қарап, соның негізінде субсидия беру жайын қарайтын боламыз.

 

Тағы бір өзекті мәселені облыстық мәслихаттың депутаты, “СҚО бойынша аграрлық несиелік корпорация” АҚ филиалының директоры Серік Ахметбеков көтеріп отыр. Халық қалаулысы 50 басқа дейін мал ұстайтын шағын фермерлік шаруашылықтарға субсидия бөлу мәселесін қарастыруды сұрауда. Мұндай ұсынысты “Зенченко и К” командиттік серіктестігінің бас директоры Еңбек Ері Геннадий Зенченко да қолдап отыр. Мал ұстағысы келетін ауылдықтарға көмек әбден қажет дейді ол. Жерлесіміздің бұл бағыттағы тәжірибесі де баршылық.

 

Геннадий Зенченко, “Зенченко и К” КС бас директоры:

-Мысалы мен Аралағаш ауылының тұрғындарына 60 бас тайыншаны 3 жылға пайдалануға бердім. Бүгінде барлығы менің малымды қайтарды. Ал өздерінде бірнеше бас асыл тұқымды сиырлары мен торпақтары бар. Бұл тәжірибені өзге ауылдарда да қолға алу қажет. Азын-аулақ мал ұстайтын фермерлерге де мемлекеттен көмек болуы керек.

 

Жергілікті агроқұрылым өкілдерінің басым көпшілігін биылғы астықтың бағасы алаңдатып отыр. Азық-түлік келісім шарт корпорациясы күні бүгінге бидайға баға бекіткен жоқ. Нақты жауап жиында да берілмеді.

 

Нұрбек Дайырбеков, “Азық-түлік келісім шарт корпорациясы” АҚ басқарушы директоры – коммерциялық директоры:

-Қазіргі уақытта біз нарықтағы сұранысқа мониторинг жүргізудеміз. Тамыз айында және қыркүйектің басында астықтың құны төмендеп кетті. Бірақ қазір бидай бағасы қайта көтерілуде. Егер біз осы кезде бағаны бекітетін болсақ, өнімнің нақты құнын шектеп тастаймыз. Баға әлі де көтерілуі мүмкін. Оның үстіне әлі нақты қанша астық жиналғаны, оның сапасы белгісіз. Қалай дегенде де, азық-түлік келісім шарт корпорациясы бидай бағасының тым түсіп кетуіне мүмкіндік бермейді.

 

Солтүстікқазақстандық шаруалар ауыл шаруашылығы жерлеріне салынатын салық ауыртпалықтары, шетелдік техниканы сатып алуға субсидия бөлу, нөлдік технологияны қолдану, қатты қалдықтарға арналған полигон, мал шаруашылығы саласының мамандарын әзірлеу мәселелерін көтеріп отыр. Бүгінде Солтүстік Қазақстан өңірінің шаруалары майлы тұқымдастарын күтіп баптауға ден қойған. Өңір шаруаларының бұл тәжирбесі өзге диқандарға үлгі боларлықтай.

 

Елтай Зікірин, “Полтавское” ЖШС директоры:

-Соңғы 2-3 жыл көлемінде майлы дақылдарды өсіруді қолға алдық. 2 мың га аумаққа себілген өнімнен 20-40 центнерден жинап жатырмыз. Өткен жылы майлы тұқымдастардан ғана 220-250 млн теңге пайда алдық. Тек өнімді сақтау жағынан мәселе болып тұр. Бірақ, биыл бұл мәселе шешілуде. Бірнеше элеваторлар іске қосылуда.

 

Сенатор Сергей Кулагин өңірдің бұл бастамасын ел көлемінде кеңінен қолға алуға болатынын айтып отыр.

 

Сергей Кулагин, ҚР Сенатының депутаты:

-Облыста майлы тұқымдастар 439 мың га алқапқа себіліпті. Шығымдылық жаман емес. Әрине, басымдық дәнді дақылдарға беріледі. Егерде сіздің бұл бағыттағы тәжірибеңіз болса, оны басқа облыстарға да таратайық. Бірақ бұл жерде техника, тұқым, егістіктерді өңдеу жағы толығымен шешілуі тиіс.

 

Жиыннан сенаторлар да, министрлік өкілдері де бірқатар мәселелерді арқалап қайтты. Жерлестеріміз көтерген сауалдардың дені алдағы уақытта толығымен қаралатын болады.

 

Самат Ескендіров, облыс әкімі:

-Комитеттің алғашқы көшпелі отырысының дәл біздің өңірде өткізілгенін кұп санаймыз. Бүгін бірқатар мәселелерді ортаға салып, талқыладық. Әрине, әлі де қарап, пысықтауды талап ететін түйіткілдер баршылық. Ұсыныстарымыз да жеткілікті. Көп ұзамай осы проблемалардың шешілгенін күтеміз. Бастысы – бұл шаралардың барлығы еліміздің агроөнеркәсіп кешенін дамытуға бағытталған.

 

Гүлмира Шоқтыбаева