Балалар

Жастар саясаты жөніндегі кеңес отырысы

 

 

Еліміздің болашағы жастардың қолында екендігін ескерсек, олардан көзі ашық-көкірегі ояу азамат тәрбиелеп шығаруымыз керек. Ол үшін 2020 жылға дейінгі қабылданған мемлекеттік жастар саясаты концепциясын жүзеге асыруда бір адамдай атсалысуға міндеттіміз делінді жиын барысында. Құжатта жастардың ертеңіне айрықша көңіл бөлінген. Бұл ретте олардың тарапынан да еліне деген патриоттық сезімнің болғаны абзал деді жиынды ашқан өңір басшысы.

 

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

-Орталық мемлекеттік органдар ҚР “Мемлекеттік жастар саясаты туралы”, “Жастар саясаты мәселелері жөніндегі ҚР кейбір заңнамалық актілеріне толықтырулар мен өзгертулер енгізу туралы” заң жобаларын жасап қойды. Баршамыздың басты міндетіміз – өңірде жастармен нақты жұмыс  жүргізу қажет. Осындай механизмдер арқылы, ауыл жастары мен өздерін жұмыспен қамтып жүргендерге қолдау көрсетуге болады.

 

Қызылжар ауданында 14 пен 29 жас аралығындағы жастар саны 10 мыңның үстінде. Бұл ретте жастарға арналған мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру барысы қандай. Оларды еңбекке тартуда қандай істер тындырылды. Ол жайында жиынға қатысушыларды аталмыш ауданның жетекшісі құлағдар етті.

 

Еркебұлан Қаменов, Қызылжар ауданының әкімі:

-Қазіргі күні аудан бойынша 197 жұмыссыз жүрген жас тұрақты еңбекпен қамтылды. Тағы 88-і қоғамдық жұмыстарға бағытталса, жастар тәжірибесі арқылы 35 адамға өз напақаларын табуға мүмкіндік жасадық. 18 жас қайта даярлау курстарынан өтті. «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы шеңберінде 35 жас маманмен келісім-шарт жасасқан болатынбыз. Қазіргі күні олардың 15-і ауданымызға келіп өз жұмыстарын бастап та кетті, қалғандары жыл соңына дейін келмек.

 

Көпұлтты елімізде халықтар арасындағы достық, татулық, ауызбіршілік алғы шепке қойылған. Алайда соңғы кездері олардың арасына іріткі салуда түрлі діни ағымдардың бас көтеріп келе жатқандығы мәлім. Мәселен жыл басынан облыс көлемінде өз діндерін заңсыз уағыздаған 4 миссионер анықталып, әкімшілік жауапқа тартылған. Ондайларға қайткен күнде де тосқауыл қою қажет. Бұл жиында қаралған екінші мәселе.

Қазіргі күні теріс ағымдарға түскен солтүстікқазақстандықтардың саны 120-ға жеткен. Салафизмге кіргендердің дені жастар. Олар Тайынша, Айыртау, Шал ақын және Ғабит Мүсірепов аудандарының азаматтары. Самат Ескендіров  өзге дінге еліктегендермен түсіндіру жұмыстарын жүргізуді күшейту керектігін міндеттеді жауапты тұлғаларға.

Жастар арасында салауатты өмір салтын да кеңінен насихаттау қажет. Себебі бүгінгі күні олардың арасында есірткі мен темекіге тәуелділік, спирттік ішімдіктерге әуестік көрсеткіші артып келеді. Олардың алдын алу тұрғысында салауатты өмір салтын насихаттау орталықтарына артылар міндет ауқымды екендігі белгілі. Ал жұмысты одан әрі жандандыру үшін оған дәрігерлер қауымы да атсалысулары қажет.

 

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

-Жиында қаралған мәселелер бүгінгі таңда өте өзектілердің қатарына шығарылып отыр. Олардың алдын алу қажет. Себебі жастар саясатындағы басты бағыттар осыны меңзейді. Жастардың өзге ағымдарға түсулеріне жол бермеуіміз керек. Қазіргі күні әлемді елеңдетіп отырған экстремизм мен терроризмнің бел ортасында жүргендердің басым бөлігі жастар екендігі белгілі. Ал дінаралық татулықты сақтауға қоғам болып атсалысуымыз керек. Ол тәуелсіз Қазақстанның басты ұстанымы.

 

Жастар саясаты тұжырымдамасының негізгі бағыты саналы ұрпақ тәрбиелеп шығару. Себебі ертеңгі күні ел тізгінін ұстайтын да осы жастар. Ендеше олардың көзі ашық-көкірегі ояу болуы шарт. Бұл жолғы жиын түйіні осы.

 

Самат Есмағи