Спорт

Жастар саясаты және спортты дамыту

 

 

Бүгінде облыста 14 пен 29 жас аралығындағы 133 мыңнан астам азамат бар. Жастарды еңбекпен қамтуға арналған «Жастар тәжірибесі» және «Дипломмен – ауылға» бағдарламалары өңірде жемісті жүзеге асырылуда. Бұл бағытта нақты не атқарылды? Брифингте журналистер СҚО жастар саясаты жөніндегі басқармасының басшысы Виктор Молодовскийге осы туралы сұрақ қойды.

 

Виктор Молодовский, СҚО жастар ісі жөніндегі басқармасының басшысы:

– Биылғы жылы «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы аясында 375 жас маман жұмыспен қамтылды. «Жасыл ел» бағдарламасы арқасында да 2000-ға жуық адам екі қолға бір күрек тапты. Жастарымызды жұмыспен қамтуда еңбек биржасының да алар орны ерекше.

 

Талай даңқты спортшылар шыққан Солтүстік Қазақстанда спорт сарайы жоқ. Биыл бұл мәселе шешіледі деді дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Руслан Есеналин. Желтоқсан айында Петропавлдағы «Жас өркен» ауданында құны 1,5 млрд теңге болатын мұз айдыны бар жаңа спорт кешенінің құрылысы басталмақ.

 

Руслан Есеналин, СҚО дене шынықтыру және спорт басқарамасының басшысы:

1000 орынға шақталған спорт кешенінің ішінде әмбебап ойын залы, барлық стандарттарға сай жеңіл атлетикалық манеж және 2 заманауи велобаза болады. Оның құрылысы 2014 жылдың тамыз айында аяқталады деп жоспарланған.

 

Жастар – ел болашағы, сондықтан олардың еңбекпен қамтылып, қоғамдық жұмыстарға белсене араласуы маңызды.

 

Виктор Молодовский,СҚО жастар саясаты жөніндегі басқармасының басшысы:

– Жастар ұйымдары партиялармен жақсы жұмыс жасайды. Кейінгі буынға аға буын өкілдері де үлкен қолдау көрсетеді. Тәжірбиелерімен бөліседі.

Қазіргі таңда 300 мың солтүстікқазақстандық спортпен шұғылданады екен. Жылына өңірімізде осы бағыттағы 1200-ге жуық іс-шара өткізіледі. Облыс тұрғындары спорттың 60 түрімен айналысады. Әсіресе, бокс, жеңіл атлетика, күрестен жерлестеріміз жақсы нәтиже көрсетуде. Кенжелеп қалған футбол да соңғы жылдары қарқын алған.

 

Руслан Есеналин, СҚО дене шынықтыру және спорт басқарамасының басшысы:

-Биыл «Қызылжар СК» командасына жаңа спортшылар алынды. Жаттықтырушы мен құрама президенті ауыстырылды. Солардың арқасында биыл футболшыларымыз жақсы ойын өрнегін көрсетуде. Алдыңғы жылы турнир кестесінің 11-сатысында болсақ, биыл үздік бестіктің қатарындамыз. Бұның бәрі футболға көп көңіл бөлініп, қаржы көлемінің артқандығын көрсетеді.

 

Кездесуге ел намысын байрақты додаларда қорғап жүрген спортшылар да қатысты. Жалпы жиын барысында ведомство басшылары жастар саясаты мен спорт саласының дамуына қатысты журналистерді мазалаған өзге де сауалдарға жауап берді.

 

Мағжан Ахмадина