Спорт

Владимир Эрман Нидерландыдан екі медаль алып келді

 

Сағат түнгі 12. Ал Петропавл теміржол вокзалында әдеттегідей емес, бүгін кісі көп. Олар мүгедектер арасында өткен Бүкіләлемдік ойындардан жеңіспен келе жатқан Владимир Эрманды қарсы алуда. Спортшының жақындары мен әріптестері, жаттықтырушылары күзгі суыққа және қараңғылыққа қарамастан жерлес жеңімпазды құттықтауға асығуда.

 

Вячеслав Латышев, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған «Үміт» спорт клубының директоры:

-Халықаралық дәрежедегі спорт шебері Владимир Эрманды қарсы алудамыз. Ол бізде 6 жыл бойы жаттықты. Нидерландыда жақсы нәтиже көрсетіп, алтын және қола медальдарға ие болды. Бізге өте жақсы қолдау көрсетіледі. Қаржыландыру көлемі де жыл санап артуда.

 

Байрақты дода Голландияда өтті. Оған әлемнің 35 елінен 500-ге тарта спортшы қатысты. Қазақстанның құрамасы осы жарыста жасындай жарқырап, 26 медальді қанжығаларына байлап қайтты. Нидерландыдағы спортшылардың үлкен жетістігіне жерлес жүзуші Владимир Эрманның да қосқан үлесі зор.

 

Владимир Эрман, IWAS-2013 мүмкіндігі шектеулі жандар арасындағы бүкіләлемдік ойындардың чемпионы:

– Барлығы қарсы алып жатқаны қуантады. Үлкен дем береді.Мен әкімнің стипендиясын аламын. Қазір клуб ашылды, машина берілді. Соның арқасында біз сияқты мүгедектердің жаттығуларға баруы жеңілденді. Ал жарыста жақсы нәтиже көрсетуім дайындықтардың арқасында деп білемін. Қиын болса да, ел намысын абыройлы қорғауға тырыстық.

 

Бір сәтке де жаттығудан қол үзбейтін спортшы қараша айында Астана қаласында жүзуден өтетін Қазақстан чемпионатына қатысады. Владимир Эрманның алдында тұрған ендігі басты мақсат – ол 2016 жылы Рио-де Жанейрода өтетін Параолимпиада ойындарына лицензия ұтып алу.

 

Мағжан Ахмадина