Ауыл шаруашылығы

Солтүстік Қазақстанда жер түгендеу жұмыстарына 42 млн теңге бөлінді

Өңіріміздегі бар жер қорының 74 пайызы ауыл шаруашылығы саласына тиесілі. Үстіміздегі жылы егіс алқаптары тағы 40 мың га ұлғайтылды. Өткен жылы жер түгендеу жұмыстары үш ауданда, атап айтсақ, Жамбыл, Ғ.Мүсірепов және Уәлиханов аудандарында жүргізілді. Сөйтіп, бұл жұмыстың қорытындысы бойынша игерілмей қалған 170 мың га алқап анықталған. Бұл жұмысқа ел қазынасынан 31 млн теңге жұмсалыпты.

 

Қанат Омаров, СҚО бойынша жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары:

– Облыста  1 млн 470 мың га жерде 2996 шаруа қожалықтары және фермерлер жұмыс істеп жатыр. 244 мемлекеттік емес ұйымдар жерді алып, 5 млн 820 га көлемінде, жұмыстарын істеп жатыр. Елбасының тапсырмасы бойынша қазіргі жұмыстарымыз жерді түгендеу бойынша. Былтыр 2 млн 385 мың жерде үш ауданда өткізілді.

 

Былтыр іске жаратылмаған жер телімдерінің көп бөлігі Уәлиханов ауданында анықталыпты. Жер түгендеу жұмыстары биыл да жалғасуда. Атқарылған шаруаның нәтижесі қарашаның 1-інде шығарылады. Ал, үстіміздегі жылдың бірінші тамызына дейін 125 мың га жер ауыл шаруашылығының пайдалануына берілген. Түгенделген жерді бөлуге келетін болсақ, бұнымен арнайы комиссия айналысады екен.

 

Қанат Омаров, СҚО бойынша жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары:

– Облысымызда жер комиссиясы құрылған. Оның жұмысы мына жерді бөлу. Және нәтижелі, тиімді реттеу. Осыған байланысты 4 отырыс болды. 12 жер пайдаланушыларға жер бөлінді. Сол берілген жерлерде жұмыстар істелініп жатыр.

 

Республикалық маңыздағы Көкшетау-Петропавл автомобиль жолын салуға да жер бөлініпті. Сонымен қатар тұрғын үй құрылысына да тиісті учаскелер қарастырылған.

 

Қанат Омаров, СҚО бойынша жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары:

-Жалпы құрылысқа үй салудың 50 бас жоспары әзірленіп бекітілген. Бірі Петропавл қаласы бойынша, 13-і барлық аудандар бойынша. 36 бас жоспар елді-мекендерді. Сол жұмыстар өткізіліп отыр.

 

Елбасының тапсырмасы бойынша республикада жерді түгендеу жұмыстары 2011 жылдан бастау алып, 2015 жылға дейін жалғасады. Бұл мақсатқа облысқа ел қазынасынан 93 млн теңге бөлінген.

 

Бану Ахметова