Өнеркәсіп

Машинажасаушылар кәсіби мереке қарсаңында

 

 

Өңірдің машинажасаушылары кәсіби мерекелерін алдағы жексенбіде атап өтеді. Биыл облыс әкімі Самат Ескендіров зауыт жұмысшыларымен олардың қызмет орнында, станоктардан алшақтамай кездесуді жөн санаған. “Мұнаймаш” зауытының қабырғасына жергілікті ПЗТМ, Киров атындағы зауыт, «Зиксто», «Поиск», өзге де машинажасау кәсіпорындарының өкілдері жиналды.

 

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

-Бүгін сіздерді мерекемен құттықтау үшін біріншіден, екіншіден, қандай мәселелеріңіз бар, соны тыңдау үшін келіп отырмыз. Және форматты өзгертейік дедік. Заводта кездесіп отырмыз, жұмыс басында. Мұнда «Мұнаймаш», «ПЗТМ», «Зиксто» зауыттары бар. Сіздердің облыстағы үлестеріңіз 20 пайызды құрайды.

 

Кәсіби мерекелері қарсаңында өңір басшысының марапатына станок басында талай жыл еңбек етіп келетін тәжірибелі мамандар бөленді.

 

Эдуард Ковалев,”ПЗТМ”АҚ бөлім бастығы:

-Кәсіби мереке қарсаңында үлкен жетістіктерге қол жеткізіп отырмыз. Тұңғыш рет 9 айда 4 млрд. теңгенің тапсырысын орындадық. Соңғы екі жыл көлемінде мұнай-газ саласына, энергетикалық кешенге және еліміздің қорғаныс саласына қажетті өнімдерді дайындап келеміз. Зауытта қондырғыларды техникалық жаңарту бағдарламалары жүзеге асуда. Бүгін еңбегімізді елеп, құрмет грамотасын табыс еткеніңізге ризамын.

 

Сондай-ақ, “Қазақстан инжиниринг” компаниясының 10 жылдығына орай бірқатар зауыт жұмысшылары құрмет грамоталарымен және медальдармен марапатталды.

Өңір экономикасына “ЗИКСТО” зауытының қосып келетін үлесі аз емес. Өткен жылы кәсіпорын 4,6 млрд теңгенің тапсырыстарын орындаса, биылғысы 6,6 млрд-қа жеткен. Зауыт күні кеше ғана тағы 100 бидайтасығыш әзірлеуге тапсырыс алған.

 

Валерий Спицын, “ЗИКСТО” АҚ директорының орынбасары:

-“Үдемелі индустриялық-инновациялық даму” бағдарламасы аясында зауытта 3 түрлі вагондар шығарылды. Қазіргі таңда ТМД елдерінің көлемінде Қазақстанда, нақты айтсақ, Петропавлда жасалған 1331 вагон темір жолға қойылды. Әрине қиындықтар да кездесті. Онсыз болмайды. Қуаттылығымыз 600 мың дана бола тұра, жылына 100 вагоннан шығарған кезіміз болды. Бірақ міне, 1,4 млрд теңгенің тапсырысына қол жеткіздік.

 

Самат Ескендіров өңірдің машинажасау саласының мүмкіндіктері әлі де орасан дейді. Аймақ басшысы кәсіпорындардың облыстың жалпы өніміне қосар үлестері 20 пайыздан да жоғары болатынына сенім білдірді.

 

Гүлмира Шоқтыбаева