ТКШ

Тұрғын үйлердің 90 пайыздан астамы қысқа дайын

 

 

Өз ісінің жілігін шаққан Александр Грэсс гидропресспен құбырлардың жағдайын тексеруде. Бұдан кейін жылыту жүйесін жуып-шаюға кіріседі. Алматы көшесіндегі 13-ші үйде 216 пәтер бар. Үй үлкен. Сол себепті, атқарылатын жұмыс та аз емес дейді мамандар. Олар 6 бірдей элеваторлық торапты тексеру үшін жертөледе таң атқаннан кеш батқанға дейін жүреді.

 

Александр Грэсс, темір ұстасы:

-Жүйені 6 атмосфера шамасында қысым беру арқылы тексереміз. Егер құбырдың бір жерінде көрінбей тұрған саңылау болса, ол бірден табылады. Бұдан кейін жуып-шаю жұмыстарын су таза болмайынша жүргізе береміз.

 

Петропавлда санитарлық-техникалық жұмыстарды атқаратын 4 кәсіпорын бар. Солардың бірі – “Эксплуатационник” ЖШС. Кәсіпорынның инженері Анна Костылеваның айтуынша, қазір қалада тапсырыс көп. Петропавл тұрғындары жылыту жүйесін жуып-шаю туралы өтініштерімен ай соңына дейін толтырып тастаған. Мұндай жұмыстың құны шамамен 20 мың теңге болады.

 

Анна Костылева, “Эксплуатационник” ЖШС инженері:

-Бұл үй 1985-86 жылдары салынған екен. Негізі, құбырлардың жағдайы жақсы. Дегенмен, біразының тиегін ауыстырдық. Бізде 5-6 бригада бар. Олар күніне 12-13 үйдің жылыту жүйесін жуып-шаяды.

 

Қазір облыс орталығы қысқа 92 пайызға әзір деп айтуға болады. Мемлекеттік мекемелердің барлығы дерлік дайын. Мәселе – бұған селқос қарайтын үй тұрғындарында.

 

Анатолий Мишин, тұрғын үй қорын жылыту маусымына дайындау бойынша штабтың төрағасы:

-Петропавлда 1036 көппәтерлі баспана бар болса, соның 910 жылыту маусымына дайын. Қалған 126-сы әлі жуылып-шайылған жоқ. Мен мына бір мәселенің шетін шығарайын деп едім. Осы 126 үйдің шамамен 66-ң тұрғындары жылыту маусымына жауапсыздық танытып отыр десек артық айтқаным емес.

 

Қылышын сүйретіп қыс келгенде сақадай сай отырған дұрыс. Өткен жылы қалалық әкімдікке жылудан айрылған азаматтардан шағым көп түскен. Биыл мұндайдың қайталанбасына қалалық әкімдіктегілер сеніп отыр.

 

Данаш Хамзина