Құқық қорғау органдары

Шекарашылардан құралған қылмыстық топ әшкереленді

 

Үстіміздегі жылы әскери прокуратураға өңір шекарашыларының үстінен арыз түсіпті. Жолаушылар облыстағы өткізу бекетінің бірінде шекараны еш кедергісіз асып өту үшін ақша талап етіледі деп шағымданған. Заңсыз құнның деңгейі көліктің көлемі мен сапар мақсатына қарай 500-ден 15 мың теңгеге дейін. Тексеріс қатынаушылардың сөзін растады. Шынымен аталған тарифпен жасырын жүйенің ендірілгені анықталды.

 

Игорь Гребенюк, СҚО әскери прокурорының көмекшісі:

– Өткен сәуір айында өткізу пунктінің басшысы 8 мың рубль көлемінде пара алып жатқан жерінен ұсталды. Тергеу амалдары барысында лауазымды тұлғаның қылмысқа жалғыз бармағаны анықталды. Ұсталған арам ойын жүзеге асыру үшін тағы бірнеше қоластындағы әскери қызметшіні тартқандығы белгілі болды.

 

Ұйымдасқан қылмыстық топ сержанттан капитан шеніне дейінгі әскерилерден құрылыпты. Барлығы бопсалауға 8 адамның қатысқандығы дәлелденген. Әскери прокуратура  бармақбастылық әрекеттің екі ай бойы жалғасқанын әшкереледі. Осы уақытта арамтамақтар оңай жолмен ақша тауып, қомақты соманы қалтаға басқан. Бас бостандығын бәйгеге тіккендер заңсыз әдіспен жеке мүдделеріне пайдалануға екі млн. теңгеге жуық қаржы түсіріпті.

 

Игорь Гребенюк, СҚО әскери прокурорының көмекшісі:

-Сезіктілердің екеуіне қатысты қылмыстық іс толықтай өндірістен өтті. Жиналған материал сотқа жіберіледі. Қазір ол бас прокурордың қарауында жатыр. Барлығы да кінәләрін толықтай мойындады, айыпталушылар келтірілген шығынның орнын толтыруға тырысып жатыр.

 

Сапар шегушілерден ақша талап етті деген айып дәлелденсе, заңмен әрбірін 8-ден13 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Жалпы өңірдің шекара тыныштығын сақтаушыларға қатысты биылдыққа 14 қылмыс тіркеліпті. Негізгі ісіне қайшы әрекет етіп, қызмет бабын  пайдаланғандар былтырғыдан екі есеге артқан.

 

Жеңіс Ермұқанов