Ауыл шаруашылығы

“Петерфельд Агро” серіктестігі орақ науқанын аяқтап келеді

 

Қызылжар ауданындағы «Петерфельд- Агро» серіктестігі 2007  жылы құрылған болатын. Жұмыстарын алғашында егіншіліктен бастаған шаруашылық соңғы жылдары мал басын дамытуды қолға алған. Бүгінгі таңда мұнда 2 мыңға тарта шет елден әкелінген асыл тұқымды симментал сиырлары бар. Төрт түлік болғасын оған қыруар жем-азық қажеттігі белгілі. Осыны өздеріне басты ұстаным еткен серіктестік дәстүрлі егіншіліктен майлы және жем-азық дақылдарын өсіруге ауысыпты. Биылғы өнім шығымдылығы жаман емес. Күзгі дала жұмыстарына тамыздың ортасында кіріскен, қазір ол аяқталуға жақын.

 

Пётр Порубенский, «Петерфельд Агро» ЖШС басшысы, Қызылжар ауданы:

-Биыл 480 гектар жерге жүгері ектік. Қазір гектар берекелілігі орта есеппен 35 центнерден айналуда. Оған қоса 1120 гектар жерге рапс өсіргенбіз, оның өнімділігі 15 центнерден айналуда.

 

Қолда бар техникалардың бәрі танап басында. Жұмыс таңғы сегізден кешкі сегізге дейін жүргізіледі. Жанар-жағармай қоры мен еңбекшілер күші жеткілікті. Ауа райы қолайлы болса, айдың соңына дейін орақты аяқтауға толық мүмкіндігіміз бар дейді жер емген шаруалар. Серіктестіктің малға жем-азық үйетін қосынында да қарбалас шақ. Шаруалардың бірі шөп үйіп жатса, екіншілері танап басынан жеткізілген жүгері сүрлемін бастыруда. Онымен айналысушы 40 жылдық еңбек өтілі бар механизатор Хамит Құсайынов.

Серіктестік еңбеккерлері ірі қараға қажетті жем-азықты жеткілікті мөлшерде дайындауға толық мүмкіндігіміз бар дейді. Себебі көпжылдық және 1 жылдық шөптер мен аралас жем алқаптары есеп бойынша себілген. Ол қыстан қысылмай шығудың кепілі .

 

Пётр Порубенский, «Петерфельд Агро» ЖШС басшысы, Қызылжар ауданы: -Аралас жемнен 8 мың тонна сүрлем бастырдық. Жүгері сүрлемін де осы шамада әзірлейміз. Қажетті шөп мөлшері 18 тонна болса, қазіргі күні оның 16 тоннасын маяладық. Сабан да жеткілікті. Алты ай қыс жем-азықтан тапшылық көрмейміз деп ойлаймын.

 

Өз ісін дөңгелеткен серіктестік бүгінгі күні ауылдастарын еңбекпен қамтып отыр. Қазіргі күні шаруашылықта 30 адам жұмыс істейді. Орташа жалақылары 70 мың теңгеге жуықтайды. Елде барға ерін тиеді деген осыдан шыққан болар

 

Самат Есмағи