Аптадағы маңызды жаңалықтар

Петропавлда “Ақылды қала” жобасы жүзеге асырылады

 

 

“Шнэйдер электрик” компаниясы бүгінде әлемнің 200-ден астам еліне өз қызметтерін ұсынған. Олардың жұмысы негізінен коммуналдық шаруашылық саласы жұмыстарына үнемділікті ендіру болып табылады. Бүгінде аталмыш заманауи жаңашылдықтарды өздеріне қолданысқа ендірген Еуропа елдері айтарлықтай пайдаға кенелуде дейді компания өкілдері.

 

Павел Нұрғазиев, “Шнэйдер электрик” ЖШС өкілі:

-Тұрғын үй-коммуналдық саласына біздің жобаның тигізер пайдасы зор. Мәселен олар электр қуаты үнемділігін 30 пайызға арттырса, ауыз су шығынын 15 пайызға қысқарту мүмкіндігіне ие бола алады. Ол үшін біз арнайы құрылғылар ұсынамыз. Ол арқылы бұл жүйедегі жұмыстарды бақылап, әрі реттеп отыруға болады. Қондырғының тиімділігін бүгінгі таңда уақыттың өзі дәлелдеп берді.

 

Тек ол үшін бірінші кезекте арнайы жоба жасалуы қажет. Оның құнын компания өкілдері өздері есептеп шығарып береді. Жүйені іске қосу да солардың мойнында.

Жиын барысында жергілікті монополист-компания өкілдері де меймандарға үнемділіккке қатысты өз сауалдарын жолдап, оған нақты жауаптар алды.

 

Талғат Жезбаев, «Шнейдер Электрик» ЖШС Астана қалалық филиалының директоры:

-Біз ұсынып отырған жоба жалпы алғанда тұрғын үй-коммуналдық саласы үшін өте тиімді. Мәселен олар біздің қондырғылар арқылы энергияны 30 пайызға үнемдеу мүмкіндігіне қол жеткізеді. Сіздерге келгендегі мақсатымыз еуропалық концепцияны Қазақстанға да енгізу. Мәселен, су мен электр қуатына монополист-компаниялар үнемділік енгізгісі келетін болса, біз жоба әзірлеу барысында ондағы тариф саясатын да есепке алатын боламыз. Одан компания да, тұтынушы да зиян көрмейді, керісінше үнемділікті сезінеді.

 

“Шнэйдер Электрик”  компаниясы өкілдері ұсынған жаңашылдықтарды саралаған өңір басшысы  үнемділікке қатысты жобаны пилоттық жоба ретінде қолданысқа енгізуге болатындығын тілге тиек етті.

 

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

-Энергия үнемдеу – заман талабы. Ол біз үшін де өте қажет. Сондықтан үнемділікке қатысты пилоттық жобаны облыстағы бала саны аз екі мектеп пен  “Қызылжар су” серіктестігіне енгізетін боламыз. Сондай-ақ жобаны көшені жарықтандыру жұмыстарында да қолдану қажет.

 

Жиынды қорытындылаған өңір басшысы жауапты тұлғаларға пилоттық жобаға қажетті құжаттарды аталмыш компания өкілдерімен ақылдаса отырып әзірлеу керектігін міндеттеді. Ертеңгі күні тың бастама өз нәтижесін беріп жатса, оған облысымаздағы өзге де нысандар қосылатын болады. Ол уақыттың еншісінде.

 

Самат Есмағи