Білім

«Бәріміз бірдейміз, кемсітуді білмейміз» байқауы жалғасуда

 

 

4 сынып оқушысы Тамерлан Айкенов сабақты жақсы оқып, мектептің қоғамдық жұмыстарына да белсене араласады. Оның ең сүйікті пәні – математика. Есеп десе ішкен асын жерге қоятын балдырған «Бәріміз бірдейміз, кемсітуді білмейміз» республикалық байқауының облыстық кезеңіне қатысушылар арасында жасы жөнінен ең кішісі. Соған қарамастан ол байқауға тыңғылықты дайындалып, оқ бойы озып шығатынына сенімді.

 

Тамерлан Айкенов, № 13 орта мектептің оқушысы:

-Байқауға жақсы дайындалдым. Жаз бойы кітап оқып, ата-анаммен күн сайын сабақтарды қайталадым. Жыл бойы алған білімімді пысықтадым.

 

Республикалық байқаудың мектеп оқушылары арасында ұйымдастырылған облыстық кезеңінде «Ақылдылар» номинациясы бойынша 10 бала бағын сынауда . Оған Петропавл қаласы мен Есіл, Тимирязев, Тайынша, Ақжар және Шал ақын аудандарының тәрбиеленушілері қатысуда. Сайыс ұйымдастырушыларының пайымдауынша, мұндай байқаулар мүмкіндігі шектеулі жандардың интеллектуалдық қабілетін паш етуге көмектеседі.

 

Арай Каринова, білім саласындағы әдістемелік жұмыс және ақпараттық технологиялар орталығының әдіскері:

-Балалар 3 кезеңді бағындыруы қажет. Ең алдымен қазылар алқасы оқушылар дайындаған партфолионы көріп бағалайды. Кейін олар орыс тілі мен әлеуметтік-тұрмыстық бағдарлаудан тест сұрақтарын шешеді. 3-кезеңде сұрақ- жауапты бағындырады.

 

Сайысқа атсалысқан балалар сыйлықтармен, грамоталармен марапатталады.Ал үздік атанған оқушы өңір намысын республикалық кезеңде қорғайтын болады.

 

Мағжан Ахмадина