ТКШ

Береке шағын ауданында көпқабатты екі үйдің тұрғындары жарықсыз отыр

Досмұхамбетов қысқа көшесіндегі 13-інші үйде жарық осымен 5-ші күн жоқ. Электр қуаты дәл демалыс күні – сенбіде тоқтап қалған. Баспана тұрғындары содан бері үздіксіз дабыл қағуда. Жағдай жұмыс күндері басталысымен де өзгермеген.

 

Мәриям Жақыпова, үй тұрғыны:

 

-Қараңғыда отырамыз. Кешке қараңғы түскенше отырамыз далада. Сосын үйге кіреміз. Отырамыз түк істей алмай. Тоңазытқыштағы тамақ бәрі бүлініп жатыр. Қыс болса, далаға қояр едік.

 

95 пәтерлі үй баспана кезегін күткен жандарға жалға берілген. Мұнда зейнеткерлер де, жұмысбасты азаматтар да, жас отбасылар да, оқушылар да тұрып жатыр. Жарықтың болмауы – бәріне кедергісін келтірген. Қас қарайса болды, шал екеуіміз үйдің ішін аралап жүруден қаламыз дейді зейнеткер Қабира Хабдулина.

 

Қабира Хабдулина, үй тұрғыны:

-Бір жағынан ыстық суымыз жоқ. Ол енді жарайды, қысқы маусымға дайындалып жатқан шығар. Ал мынау масқара ғой, қанша тамағымыз бәрі бүлініп қалды.

 

Жарықтың өшіп қалуы әсіресе оқушыларға қиын тигенге ұқсайды. Күн ұзағына мектепте болатын олар үйге берілген тапсырманы майшамға үңіліп орындайтын болды. Ойын баласы теледидар қарап, мультфильм көруден де қалған. Бар ермектері даладағы балалар алаңқайы. Оның өзінде күн батқанша ғана ойнай алады.

 

Азат Жантұяқов, үй тұрғыны:

-Жарық жоқта мен сабақ оқи алмаймын. Сабақты істемей келем, сосын екі қояды мұғалім.

 

Төзімдері таусылған 13-ші және 15-ші үйлердің тұрғындары кімнен көмек күтерін білмей дал. Бүгін жарықсыз қалған тұрғындарға жағдайды түсіндіруге қала әкімінің орынбасары Қайролла Ғалеев келді. Бар амал – баспаналарды басқа шағын станцияға қосу дейді ол.

 

Қайролла Ғалеев, Петропавл қаласы әкімінің орыбасары:

-Жаңа 72 пәтерлі үйдің іргетасын орнату кезінде “Стройкомпания” мердігер компаниясының қызметкерлері аталған үйлерге келетін электр кабельдерін зақымдаған. Трассаның негізгісі де, қосалқысы да қазір жарамсыз күйде. Осы ақауды анықтауға ұзақ уақыт кетті. Ендігі кезекте, үйлерді басқа станцияға уақытша қосу жұмыстары жүріп жатыр.

 

Қос баспанаға жарық көп ұзамай беріледі деп сендіріп отыр әкімнің орынбасары. Бұдан кейін апатқа кінәлі тарап та анықталатын болады.

 

Гүлмира Шоқтыбаева