Аптадағы маңызды жаңалықтар

Жылыту маусымына дайындық қазанның 15-не дейін аяқталуы керек

 

Министрлік басшыларының баяндамаларына сүйенсек, еліміздегі 100 гигакалорийге дейін энергия өндіретін қазандықтардың 98% жылыту маусымына дайын. Нысандарға салқын күндер өткенше жетерлік 4,4 млн. тонна көмір жиналған. Биыл тасымалданған қатты отын қоры былтырғы жылдың сәйкес мерзімінен 15 пайызға артық. Мазут қажеттілігінен 136 тоннаға көбірек қамдалған. Қауырт маусымға 3 мың шақырымға тарта магистральді құбыр жөнделген. Күздің қара суығына білім және денсаулық сақтау салалары түгелдей әзірленіп қойыпты. Орталық жылыту желісіне қосылған тұрғын үй секторының жылыту маусымына дайындығы 96 пайызды құрайды. Құбырлары жуып-шайылғанымен бәрінде бірдей қолдарында дайындықты растайтын құжаттары жоқ. Премьер-Министр тиісті ведомство басшыларына бұл жағын қатаң бақылауға алуды жүктеді. Жалпы жылу орталықтарының қондырғылары тым тозған. 80 пайызы жаңғыртуды талап етеді. Осы жағын ескеріп, жөнделгені ертең сыр бермес үшін дайындықты тиянақты атқару керектігін тілге тиек етті. Сондай-ақ отырыста жылумен қамту бойынша заң жобасын құру қажеттігі көтерілді. Серік Ахметов осы төңіректе ұсыныстар жасауды тапсырды. Үкімет басшысы тұтынушылардың коммуналдық кәсіпорындарға берешектерін өтету мәселелерін шешудің маңыздылығын да атап өтті. Бүгінде дебиторлық борыш 5,8 млрд. теңгеге жеткен. Селекторлық байланыс үзілген соң аталған мәселелер жергілікті деңгейде талқыланды. Облыс қақаған күндерді алаңсыз өткізуге қажетті шаруалардың негізін тындырып қойған. Бюджеттік мекемелер көмірмен толықтай қамтылды. Әлеуметтік мекемелер қауырт кезеңге әзір. Өңір жетекшісін дебиторлық қарыздың бүгінгі жағдайы қызықтырды. Өлке тұрғындары коммуналдық қызметтерге 270 млн теңге берешек екен.

 

Еділ Копенов, “СевКазЭнерго” АҚ басқармасының төрағасы:

– Оның 106 млн теңгесі пайдаланған жылудың құны. 160 млн теңге энергия өтемі. Бюджеттік мекемелер 70 млн теңге қарыз.

 

Аймақ басшысы коммуналдық төлем берешегінің мәселесін шешудің жолдарын қарастыруды тапсырды.

 

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

– Қаржы басқармасы бюджеттік мекемелердің қарызын мониторингке алсын. Оны алдағы айдың 15-не дейін шешу керек. Әлеуметтік нысандар да назардан тыс қалмауы тиіс. Бұл біріншіден жылумен қамтушылардың дайындығын жылдамдатуға әсер етеді.

 

Самат Ескендіров жылыту маусымына дайындық паспорттары да дәл осы мерзімге дейін әзірленуі керектігін баса айтты.

 

Cамат Ескендіров, СҚО әкімі:

– Премьер-Министрдің тапсырмаларын бәріңіз естідіңіздер. Әкімдер мен мекеме жетекшілеріне артылатын жүк ауыр. Әсіресе әлеуметтік желілердің сапалы дайындығын қамтамасыз ету керек. Әзірлікті растайтын құжаттардың дайындығына қарқын қоса түскен абзал. Бұл жұмыстар бірер аптаның ішінде шешілуі тиіс.

 

Жеңіс Ермұқанов