Бизнес және экономика

Жергілікті өнімдерді өткізу мәселелері

 

 

Жергілікті кәсіпкерлерге шикізатты өңдеу бір мәселе болса, дайын тауарын өткізудің өзі мұңға айналып отыр. “Егін” ЖШС макарон өнімдерін шығарады. Алайда бұл азықты жақынға дорбаламай, алысқа арбалап саудалауға мәжбүр. Пайда қамында емес. Керісінше жол машақаты мен шығыны қалтаны қағады екен. Бар гәп басқада.

 

– Өңіріміздегі сауда орындарында біздің тауарға орын жоқ дейді. Тек “Нан+” дүкендерімен келісімге тұра алдық.

 

Қайрат Бекенов, СҚО әкімінің орынбасары:

-“Егін” ЖШС үдемелі индустриалдық-инновациялық даму картасына енгіздік. Заманауи зауыт тауарының 90 пайызын облыс сыртына шығарады. Өнім барлық талаптарға жауап береді. Шетелдік үлгілерден сапасы кем түспейді, бағасы екі есе арзан. Неліктен саудаға қойылмайтынын анықтау керек. Мүмкін маркетинг жағы ақсап тұрған болар. Осы жағын ескеріп жұмыс жасау керек.

 

Бұл өлкеміздегі тауар өндірушілердің көп бөлігінің мазасын қашырған аса өзекті мәселе. Оны соңғы мониторинг растап отыр. Мамандардың айтуынша, жергілікті кәсіпкерлердің өнімдері көзге ілікпейтін, не қол жетпейтін сөрелердің бұрышына жайғастырылады екен.

 

Евгения Сальникова, қалалық кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімінің басшысы:

– Біз үлкен сұранысқа ие 14 азық-түлік бойынша мониторинг жүргіздік. Сөрелерде негізінен шетелдік азық қаптап тұр. Отандық тауар аз болғанның өзінде тым төмен, не биікте орналасқан. Өзге өнімдердің артынан аңғару қиын. Кімнің шығарғаны, бағасы көрсетілмейді. Сондықтан да мерзімдері пайдалану уақытынан өтіп кеткен. Десе де сөреден алынбайды.

 

Кейбір сөрелерде бір де бір отандық өнім кезікпейтін жайттар тіркеліпті.

 

Қайрат Бекенов, СҚО әкімінің орынбасары:

– Үкімет шағын және орта кәсіпкерліктің дамуына қомақты қолдау көрсетеді. Аграрлық өңір шикізатты өңдеуді қолға алды. Бірақ жергілікті тауар өндірушілердің еңбегіне осылайша тұсау қойылып жатыр. Құқықтары шектелмеуі керек. Істерінің өрге домалауына жол ашқан жөн болады. Өзімізде шығарылатын өнім табиғи таза. Ағзаға пайдалы дәруменге толы. Оны дұрыс жарнамалап, маркетингті дамыту керек.

 

Облыста 600-ден артық сауда нүктесі бар. Оның 20-сы ірі сауда үйлері болса, 17-сі базар. Бірақ бәрінде бірдей азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жағы ескеріле бермейді. Кей жерлерде тауар сапасы сын көтермейді. Жыл басынан ғана санитарлық талаптарға жауап бермейтін мың тоннадан артық өнім сөрелерден алынып тасталыпты. Көбі шетелдік аталым. Тұтынушылардан 10 шақты шағым түскен.

 

Татьяна Горлова, СҚО МСЭҚКД басшысының орынбасары:

– Біз заң бойынша сауда нүктелеріндегі тексеріс жөнінде бір ай бұрын құлағдар етеміз. Ескерткеннің өзінде 290 әкімшілік хат толтырылды. 2,5 млн теңгенің айыппұлы салынды. Жоспарлы тексерістер барлық сауда орындарының 40 пайызы өрескел заң бұзуға баратындығын көрсетіп отыр. Сот шешімімен 19 кәсіпкердің жұмысы уақытша тоқтатылды.

 

Саудаға шығарылған тауардың көбінде бағасы көрсетілмейді екен. Мамандар бұл пайда қуған саудагердің ойына келген құнды қоюына мүмкіндік береді дейді. Бұндай заңбұзушылық “Тайга” базарында тіркеліпті. Жиыннан соң ақпаратты тексеру үшін облыс әкімінің орынбасары аталмыш сауда орнына ат басын тіреді. Қайрат Бекенов сөрелерді аралап, тауар бағасының айырмасын зерделеді.

 

Қайрат Бекенов, СҚО әкімінің орынбасары:

– Тұтынушылардың арыздарын ескеріп, базардағы тауар құнын қарап шықтық. Өнімнің түрі бір, алайда айырмашылығы бағада. Кейбірінде ол тіпті көрсетілмеген. Бұл нарық заңдылығына қайшы. Сатып алушы не үшін ақша төлеп жатқанын білуі тиіс. Әр сауда орнында мониторингтік штаб құрылуы керек.

 

Жеңіс Ермұқанов