Билік

“Нұр Отан” ХДП облыстық филиалының кезектен тыс 18-ші конференциясы өтті

 

Еліміз – әлеуметтік мемлекет. Ал  “Нұр Отан” партиясы бұқараның мүддесін көздейді. Оның халықтық-демократиялық деп аталуы да сондықтан деді көшбасшы партия филиалының кезектен тыс өткен 18-ші конференциясын ашқан облыс әкімі. Алқалы жиынға партия белсенділерінен іріктелген 240 делегат қатысты.

Елбасының “Қазақстан-2050” стратегиясы Қазақстан халқына арналған биылғы жолдауында көрсетілген басым бағыттарды жүзеге асыру өңіріміздегі жұмыссыздар көрсеткішін 5,6 пайызға қысқартуға мүмкіндік берген. Мемлекеттік бағдарламаларды кезең-кезеңімен іске қосудың арқасында еңбексіз жүрген 21 мыңнан астам солтүстікқазақстандық екі қолға бір күрек тауып, бүгінгі таңда өз напақаларын тауып жүр. Өңіріміздің өнеркәсіп кәсіпорындары өткен жылы ел экономикасына 12 миллиард теңге кіріс келтірген. Онда әр солтүстікқазақстандықтың үлесі бар. Ал 2010 жылдан бастап қолға алынған “Жол картасы” бағдарламасын жүзеге асыруға бағытталған қаржы сомасы 3,8 миллиард теңге. Басты құжатта ауылшаруашылығы саласын дамытуға айрықша көңіл бөлінген. Бұл ретте облысымызға мемлекет тарапынан биыл бағытталған қаражат 67 миллиард теңгені құрайды.

 

Самат Ескендіров, “Нұр Отан” ХДП СҚОФ төрағасы, СҚО әкімі:

-Жерді диверсификациялау мықтап қолға алынды биыл. Бұл қадам майлы және дәнді дақылдар көлемін ұлғайта отырып, етті ірі қара әлеуетін арттыруға жол ашты. Мал басы жыл санап көбейген сайын, өндірілетін сүт өнімдерінің түрлері де артып келеді. Олардың саны 600-ге жетті. Сүт өнімдерінің түрлерін одан әрі де арттыру қажет.

 

Еліміздің ғасыр ортасына дейінгі жүрер жолын айқындап берген басты құжатты жүзеге асыруда партия өкілдеріне артылар міндет ауқымды. Жолдауды орындау үшін доктрина талаптарына сүйенуіміз қажет деді конференция барысында сөз алғандар.

Жаңа доктрина көшбасшы партияның конституциясы іспеттес. Құжаттағы басымдықтардың жүзеге асырылуына бәріміз бір адамдай атсалысуымыз керек. Себебі доктрина бір адам емес, барша қазақстандықтардың болашағы үшін қажет дейді жас буын.

Көшбасшы партияның “Нұр Отан, Нұрлы болашақ жолында” атты жаңа саяси доктринасы -“Қазақстан 2050” стратегиясын жүзеге асыруда бағыт-бағдар сілтегіш. Оны өз сөзінде Сенат депутаты Анатолий Башмаков атап көрсетті.

 

Анатолий Башмаков, ҚР Парламенті Сенатының депутаты, “Нұр Отан” ХДП саяси кеңес бюросының мүшесі:

-Нұротандықтар алдында тұрған маңызды іс – ол доктринаны жан-жақты талқылау. Нұротандықтардың ұсыныстары ертеңгі күні съезде ескеріліп, құжатқа енгзілетін болады. Әр елдің басты байлығы – сол жерді мекендеген халқы. Ал доктринада адам құндылығы бірінші орынға қойылған. Ол көпұлтты Қазақстан үшін аса қажет деп есептеймін. Жаңа құжат сонымен қатар өскелең ұрпақты отансүйгіштікке, халықтар арасындағы достық пен ауызбіршілікті сақтауға тәрбиелеуде де таптырмас құрал болары анық.

 

Жиын соңында үстіміздегі жылдың 18-ші қазанында елордада өтетін кошбасшы партияның 15-ші съезіне делегаттар сайланды. Жиынға қатысатын 62 солтүстікқазақстандықтың кандидатурасын конференция мүшелері бір ауыздан мақұлдады.

 

Самат Есмағи