Балалар

Мектеп оқушыларымен діни экстремизм жайлы әңгіме жүргізілуде

 

 

Діни экстремизм мәселесіне жастар тиісті деңгейде мән бере қоймайды. Дегенмен, қара ниетті діни ағымдардың арбауына түсіп қалғандардың арасында кейінгі толқын өкілдері де баршылық. Дінтанушылардың айтуынша, сектаның сойылын соққан жастардың мінез-құлығы күрт өзгеріп, туған-туыс, дос жарандарынан бас тартады. Өмірде ненің жақсы, ненің жаман екенін айырудан қалып, оқуын тастап, басқалардың дұрыс ойын теріс қабылдай бастайды. Осы жағдайларда адасушыны тек қасындағы құрбылары, сыныптастары мен ата-аналары ұжым болып құтқара алады екен. Мектеп оқушыларына арналған ақпараттық кездесуде қоғамдық індет жастарға түсінікті тілмен жеткізілді.

 

Александр Новосёлов, “Дарын” мектеп-лицейінің оқушысы:

-Мен бұл кездесуден діни экстремизм жайлы көп мағлұмат алдым. Және бұл қазіргі таңда қоғамдық індетке айналғанын түсіндім. Экстремизм жастардың санасын улап, көп теріс пиғылдар мен қылмыстарға итермелейді. Әсіресе, біздегі ұлтаралық келісім мен халықтар арасындағы татулық орнаған қоғамда бұл өте қауіпті екенін ұғындым.

 

“Діни экстремизм – шынайы сенімнің хас жауы” атты ақпараттық кездесуде дінтанушылар мен теолог мамандар дәріс оқиды.

 

Максим Доценко, “Прозрение- Көз жету” ҚБ төрағасы, дінтанушы:

-Оқушыларға діни экстремизм мен шынайы діннің айырмашылықтарын түсіндіріп жатырмыз. Өйткені, көп жастардың діни сауаттылығы төмен болғандықтан, олар секталарға кіріп кетуі мүмкін. Біз осындай жағдайларды болдырмау үшін жастарға бағыт-бағдар сілтейміз.

 

Петропавл жастары арасында этникалық және конфессияаралық татулықты насихаттап жүрген теолог Рустам Садуевтің пікірінше, бұл қоғамдық індет Қазақстан жастары арасында көп кездеспейді. Дегенмен, ақпарат пен технология дамыған заманда теріс ағымдарға тойтарыс бере алмай қалатын жағдайларға куә болудамыз дейді.

 

Рустам Садуев, теолог:

-Мен оқушыларға Қазақстан аумағында қандай діндердің барын және олардың мақсатын қысқаша түсіндірдім. Және солардың атын бүркемелейтін теріс пиғылды ағымдар мен секталардың қоғамға үлкен зардап әкелетінін айттым.

 

Жоспарда 10 ақпараттық кездесу ұйымдастыру қарастырылған. Онда дінтанушылар оқушылар мен студенттерге экстремистік ағымның бұғауына түсіп қалмау амалдарын кеңірек түсіндіріп, діни сауаттылықтарын арттырады. Және жақындарын теріс ағымдардан қалай қорғау керектігі жөнінде жадынамалар таратпақ.

 

Берік Қасен