Қоғам

Ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысы

 

Салық органдарының қызметкерлері халықпен етене жұмыс істейді. Есесіне бұл салада сыбайлас жемқорлыққа жол берудің тәуекелі жоғары. Салық қызметкерлерінің арасында парақорлықты болдырмау мақсатында ведомстволық бақылау басқармасы құрылған. Тексеріс шараларын жүргізудің нәтижесінде үстіміздегі жылдың алғашқы 2 тоқсанында салық органдарының 36 қызметкері түрлі тәртіптік жауапкершілікке тартылыпты. 2 материал қаржы полициясына бағытталды.

 

Қайрат Жолмұхамбетов, СҚО бойынша салық департаментінің жетекшісі:

-Көз қысты, бармақ бастылықтың алдын алу мақсатында халыққа көрсетілетін 33 салық қызметінің 23-і автоматты режимге ауыстырылды. “Е-GOV” электронды үкімет порталы арқылы салыққа қатысты 9 мемлекеттік қызметке жүгінуге болады. Салық департаментінің ақпаратты қабылдау және өңдеу орталығында электронды кезек жұмыс істейді. Мұның барлығы лауазымды тұлғамен тікелей байланыс жасауға айтарлықтай кедергі болып, жемқорлыққа жол бермеуге септеседі.

 

Парақорлықтың алдын алуда мемлекеттік қызметшілерді қайта даярлау, біліктіліктерін арттырудың маңызы орасан. 2013 жылы 87 салық қызметкері аталған курстарда білімін жетілдіруі тиіс болса, жыл басынан 38-і тиісті курстарда оқып шықты.

Мемлекеттік қызметшілерді қайта даярлау және біліктілігін арттырудың өңірлік орталығында  жыл сайын 2 мыңға тарта адам курстарда тәлім алады. Үстіміздегі жылдың 8 айында 1084 мемлекеттік қызметші білімін жетілдіріп, біліктілігін арттырған.

Татьяна Лебедева, СҚО әкімдігінің мемлекеттік қызметшілерді қайта даярлау және біліктілігін арттыру өңірлік орталығының директоры:

 

-882 адам біліктілігін арттырса, 202 мемлекеттік қызметші қайта даярлықтан өтті. Ауылдық округтердің 15 әкімі қайта оқытылды, 69-ы біліктілігін арттыру курстарын тәмамдады. Оқуға келген қызметкерлер міндетті түрде сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама жөнінен тестілеуден өтеді.

 

Қараша айында облыс бойынша жаңадан сайланған 47 селолық округ әкімдерін 2 апталық курстарға шақыру жоспарланған. Ведомствоаралық комиссияның отырысында осы бағытта атқарылып жатқан жұмыс жайынан Ақжар ауданының әкімі де есеп берді.

 

Мұхит Тұрысбеков, Ақжар ауданының әкімі:

-Үстіміздегі жылы аудан бойынша 3 жемқорлық фактісі тіркелді. Өткен жылдың осы мерзімінде 5 қылмыс орын алған болатын. Қылмыстарды болдырмау үшін аудан әкімінің аппаратына келіп түскен 255 арыздың барлығы мерзімінде қаралып, тиісті жауабы берілді. Біліктілік арттыру курстарына ауданнан 32 мемлекеттік қызметші өтті. Шілде айында 14 мемлекеттік қызметші аудандық газеттерде өз табыстарын жария етті.

 

Жамбыл ауданында болса, үстіміздегі жылы сыбайлас жемқорлыққа жол берген 3 мемлекеттік қызметші тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Бүгінде ауданда аталған қылмыстарды болдырмау бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Отырыс соңында облыс әкімі, комиссия төрағасы Самат Ескендіров тиісті тапсырмалар берді.

 

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

-Күн тәртібіндегі барлық мәселелер қаралды. Ведомствоаралық комиссия мүшелері берген ұсыныстар негізінде мемлекеттік-құқықтық бөлім сыбайлас жемқорлықпен күрес шараларын жетілдіруге қатысты кеңестерді әзірлесін.

 

Гүлмира Шоқтыбаева