Мәдениет

Петропавлда “Мереке-думан” концерті өтті

 

“Аңыз ару” дәл осы тамаша әнді жерлесіміз Мұхит Ахметов республикалық “Жас қанат-2013” байқауында жақында ғана ұсынған болатын. Ол бүгінгі жас дарындардың концертін осы адам жанын тебірентетін баяу ырғақты әуенмен ашты. Өнер жолын енді бастаған жерлесімізге деген көрерменнің ықыласы шексіз болды.

 

Мұхит Ахметов, “Жас қанат-2013” республикалық ән байқауының лауреаты:

-Жалпы мұндай концерт біздің қалада жиі бола бермейді. Бұл шығармашылық кеште елордалық Ибрагим деген жігіт пен қаламыздың жас әншілері өз өнерлерін ортаға салады.

 

Түрлі жанрға бай “Мереке-думан” концерті тосын сыйлар мен қызықтарға толы болды. Шығармашылық кештің шырайлы өтуіне елордалық әнші Ибрагим Жантулин де атсалысты. Дарынды жігіт халықаралық, республикалық эстрадалық ән байқауларына қатысып, бірнеше мәрте жүлдегер атанған. Ол сахнаның көркін қыздырып, таңдамалы 4 әнін шырқады. Соның бірі – рок стиліндегі “Жанарым” әні.

Концертте өнерге енді ғана қадам басқан Серік Тасмұғамбетов, Меруерт Нұғыманова, Фариза Амантаева, Заңғар Мүбәрәков деген жас әншілер де әннен шашу шашты.

 

Ульяна Поединок, Петропавл қаласы:

-Бүгінгі концертте жас әншілер өнер жолын бастамас бұрын, көрермендердің алдында емтихан берді. Бұл өнер адамы үшін маңызды дүние. Халықтың батасын алып, жауапты қадам жасайды.

 

“Мереке-думан” концерті ән сүйер қауым үшін жақсы сый болғаны сөзсіз.

 

Берік Қасен