Мәдениет

“Өлеңдері жанының айнасы”

 

 

7 жыл бұрын қолға алынған “Бір ел – бір кітап” акциясы отандастарымызды жаппай оқуға шақырады. Биылғы шара Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Фариза Оңғарсынованың поэзиясына арналды. Алыптардың әдеби мұрасын асқақтататын акцияда «Дауа» атты лирикалық жыр кітабы таңдалыпты. Жинақ көпшілікке сырлы да сұлу өлеңдерімен танымал.

“Өлеңдері жанының айнасы” атты ғылыми-тәжірибелік конференцияға бойына ғибратқа толы ақын өлеңдерінен өнегелі өріс алатындар көптеп жиналды. Бәрінің айтары бір. Қанатты сөзді қазынам деп таныған пір тұтарларының өшпес туындылары өмірге деген құлшынысты арттырып, бойға күш-қуат сыйлайды дейді. Әсіресе қазақ қызының бойына тән қасиеттерді ашуға аса мән беретіндігі қызықтырады екен.

 

Ақын туындыларын өмір мектебі деп айтсақ қателеспейміз. Жастарға поэзия тілімен жол көрсетіп, отанды сүюге шақырады. Сондықтан ұлы тұлғаның танымдық, тәрбиелік мәні зор еңбектерінен рухани азықтанып жүрген кейінгі ұрпақтың қарасы қалың бүгін. Фариза Оңғарсынова әлі күнге қазақ әдебиетінің дамуына өз үлесін қосуда. Бүгінде отандасымыз “Тұмар” атты республикалық көркем журналдың бас редакторы.

 

Жеңіс Ермұқанов