Ауыл шаруашылығы

М.Жұмабаев ауданында орақ науқаны ортасынан ауды

 

М. Жұмабаев ауданына қарасты Қарақоға ауылдық округіндегі бар егінжайдың 80 пайызы “ЖНВ” ЖШС игілігінде. Шаруашылық қарамағындағы 30 мың га аумақтың 25 мыңына бидай тұқымын сіңіріпті. Мына бітік шыққан егін мұндағы тәжірибелі диқандардың маңдай тері мен тың технологиялық үрдістерді ұштастырудың жемісі. Үкіметтен алынған 24 млн теңгенің субсидиясы да жақсы демеу болған. Бүгінгі мақсат – піскен астықты ысырап етпеу. Ол үшін техникалық ресурс пен жұмыс күші әбден жетеді.

 

Максим Жигалов, “ЖНВ” ЖШС директоры:

– Орақ науқанына 100-ден артық техника тартылды. Оның 40-қы шетелдік үлгідегі жоғары өнімді комбайн. Заманауи астық жинағыштың 10-н биыл сатып алдық. Барлығы 700-ден артық жұмысшы тартылды. Бүгінде бар алқаптың 70 пайызын соғып үлгердік. Орташа гектар берекелігі 20 центнерден айналуда. Бір аптаның ішінде қалған шаруаны тындырамыз деп межелеп отырмыз.

 

Ауа райы қолбайлау болмаса, танап басында күніне 2 мың Га жуық ырыс дәні құлатылады екен. Кейін дәл сол қарқынмен бастырылғаны серіктестіктің жеке тоқтарына жеткізіледі. Онда жаңа өнім толықтай өңделеді. Бүгінде тіпті келесі егіске жетерлік тұқым қоры сұрыпталып қойылыпты. Сары алтынды сапаландырып, ұзақ уақытқа бүлдірмей сақтаудың қамында соны технологиялар ендірілген.

 

Александр Мищенко, “ЖНВ” ЖШС бас агрономы, қырман меңгерушісі:

– Ауа райының құбылмалы мінезіне қарамастан ылғалдылығы әрқилы астықты жинай береміз. Өйткені аса дымқыл бидайды құрғатуға арналған 2 бірдей қондырғымыз бар. Күніне олар 600 тоннаға дейін дән кептіруге қауқарлы. Сондай-ақ жаңадан үш тазалағыш құрылғы орнаттық. Бүгінде орылған өнімнің кілегейлігі 24 пайыздан кем емес. Барлығы да үшінші сұрыпты.

 

Өстіп өңделгені қамбаларға төгілуде. Шаруашылық бұл мақсатқа сыйымдылығы 20 мың тонна болатын 6 қойма әзірлеп қойыпты. Сондай-ақ жер емген серіктестік басшысы бар алқаптың 20 пайызын күзгі парға түгендеген. Өзгелерінде бидай масағы жиналысымен жерді тыңайту қамында сабан арнайы комбайнмен ұсақталып жатыр. Бүгінде алқаптардың 30 пайызы жыртылды. 20 жылда ісін оң жолға қойып алған агроқұрылым жер өңдеумен қатар жергілікті ірі қараны асылдандыруды қолға алыпты. Былтыр 600 басқа шақталған кешен тұрғызылған. Мал қыстайтын қоралар, төлдейтін, соятын орындар мен бордақалау алаңы бірге көтеріліпті. Қазір кешенде биылғы бұзаулар ғана күтілуде. Дені жайылымда көк кеткенше оттап жүр. Өрісте қазақтың ақ бас сиырлары мен Әулиекөл тұқымдас құнажындар  бағылуда.

 

Максим Жигалов, “ЖНВ” ЖШС директоры, М. Жұмабаев ауданы:

– Президенттің бастамасымен қабылданған мал шаруашылығы әлеуетін арттыру бағдарламасына өз үлесімді қосуды ұйғардым. Бұл ауыл еңбеккерінің жыл бойы жұмыс жасауының кепілі. Сондықтан өз қаржыма етті бағыттағы 350 асыл тұқымды торпақ сатып алдым. Үш жылда мал басы 2 есеге өсті. Жоғары өнімді бір тайынша 350 келіге дейін таза ет береді. Таңдап алған тұқымдар ерекше күтімді талап етпейді, біздің қатал климатқа жақсы бейімделген.

 

Алдағы жоспар ірі қара басын мыңға жеткізу. Сондықтан ауыл еңбеккері диқаншылықпен қатар мал азығын түгендеуге ерекше ден қойған. Егінжайдың 2 мың Га көпжылдық, тағы соншасына 1 жылдық шоқты шөп отырғызыпты. Гектарынан 4 тоннадан жиналған мал азығы маяланып қойылған. Екі жыл қам жемей қыстап шығуға жетерлік жем-шөп базасы толық. Округ тұрғындары мен жұмысшыларына да бұл оңай емес істе демеу жасалыпты.

Маңызды науқанға 27 шілдеден кіріскен “Авангард СКО” ЖШС астықтың тең жартысын орып қойған. Барлығы 23 мың Га артық егін бидайдың үлесінде. Орташа гектар берекелігі 17,3 центнерден айналуда.

Сайлаубай Әубәкіров, “Авангард СКО” ЖШС директоры:

-Былтырғы өңдеу мен биылғы химиялық тыңайтқыштардың көмегі тиді. Есесіне таза алқаптан жақсы өнім жиналуда. Негізінен үшінші сұрыпты. Ылғалдылық 17 пайыздан аспайды. Сондықтан элеваторлар астықты еш кедергісіз қабылдап жатыр. Өзіміздің де механикаландырылған 2 тоғымыз бар. Сыйымдылығы 5 мың тонналық қоймамыз дайын. Жанармай қоры, техника, жұмыс күші жеткілікті. Үстіміздегі ай соңына дейін негізгі жұмыстарды аяқтауға бел буып отырмыз.

 

Танап басындағы 34 комбайнның 10-ы астық құлатуға бағытталған. Күніне 10 Га соғылады екен. 13 бидай жинайтын жоғары өнімді арнайы техниканың 5-уі биыл алыныпты. Сенімге енген шетелдік үлгінің біреуінің рөлінде Владислав Заика отыр.

 

Владислав Заика:

– Механизаторлық қызметте жүргеніме 6 жыл болды. Ескісін де жүргізіп үлгердім. Жаңасы бұрынғыдан 2 есе артық өнім бастырады. Күніне шамамен 60 тонна бидай жинаймын. Бәрі автоматтандырылған. Қозғалысқа дейін өзі теңгереді. Мен тек басқыштардың көмегіне жүгінемін. Істен шыққан ақауды компьютер дәл анықтайды. Шығынды да реттеп отырады.

 

“Томанский” ЖШС де игілігіндегі астықты алқаптың жартысынан астамын еңсеріп тастаған. Агроқұрылым егін жинауға сәл кеш кірісіпті. Шаруашылық жетекшісінің айтуынша, бар гәп бидайдың кештеу пісуінде. Десе де жоспардан қалыспау үшін дала жұмыстары екі кезекпен атқарылып жатыр. Бұған озық техниканың арқасында қол жетті дейді Николай Туницкий.

 

Николай Тунийкий, “Томанский” ЖШС директоры:

– Жауын-шашын жиілеп кетті. Біз оған онша саспаймыз. Бүгінгі техникаға табиғи фактор тұсау қоймайды. Тек ылғалдылыққа байланысты ору үрдісі ауысып отырады. Осыған артық уақыт жұмсалады. Биыл астық кеш піскенімен сапасы жақсы. Кілегейлігі былтырғыдан жоғары. Жалпы егіннің құрылымы әлдеқайда артық. Қымбат уақытты тиісінше пайдаланып, осы айдан кешіктірмей жинауға тырысып жатырмыз.

 

Қатар алып жүрген мал шаруашылығының күйі де жаман емес. Шетелдік герефордтардың 350 бас аналығы бар. Биыл төлдеген 100 бұзауды қоса алғанда 2 жылға жеткілікті мал азығы әзірленіпті.

 

Николай Бачанский, “Томанский” ЖШС бақташысы, Жұмабаев ауданы:

– Үш жылдан бері осы шаруашылықта мал бағумен айналысамын. Балаларым да кешенде ірі қара күтіп жұмыс жасайды. Ең бастысы ауылда еңбек етем деген жанға жұмыс бар. Жалақыны уақытында алып тұрамыз.

 

Жалпы М. Жұмабаев ауданында егіншілікпен айналысатын 55 серіктестік пен 219 ШҚ бар. Оларға күзгі орақта 378 мың Га алқаптан астық жинау керек. Танап басына мыңнан артық комбайн шықты. Бидай басқыштың 200 жуығы жоғары өнімді. Оның 3 бірлігі егіске енді кірістірілген су жаңа үлгілері. Тың техниканың көмегімен науқанда межеленген бар шаруаның 55 пайызы артта қалыпты.

 

Аман Қабдөшев, М. Жұмабаев ауданы әкімінің орынбасары:

– Биылғы егіннің шығымы жақсы. Қазір аудан бойынша гектарынан 15,6 центнерден алып жатырмыз. Жанармай, техника жеткілікті. Шаруалардың егін орамыз деген ынтасы жақсы. Ауа райы қолайлы болса, ай соңына дейін бар астықты орып аламыз.

 

Тәжірибе мен ғылымның арқасында жетілген өнімді ысырап етпеуге мемлекет қомақты демеу жасаған. Мол астық алу үшін аудан диқандарына үкіметтен 400 млн теңгеге тарта субсидия бөлініпті.

 

Жеңіс Ермұқанов