Құқық қорғау органдары

«Абайлаңыз – балалар!» шарасы қорытындыланды

Жол полициясы қызметкерлері мектеп, балабақша жанында белгілердің бар- жоғын үш күн көлемінде тексерді. Оқушыларға жол ережелерін сақтаудың маңызын түсіндірді. Тәртіп сақшыларының жұмысына, өзге де жауапты мекеме өкілдері үн қосты.

 

Ольга Белоусова, №43 орта мектептің әлеуметтік ұстазы:

– Шара аясында мектепте оқушылардың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған арнайы бағдарлама жасақталған. Әр сейсенбі сайын жолда жүру ережелері де баяндалып отырады. Балалардың қатысуымен болатын апаттардың алдын алу мақсатында әр түрлі қызықты іс-шаралар өткізіледі.

 

Кей кездері жолда жүру ережелерін балалар тұрмақ үлкендер де ескере бермейтін көрінеді.

“Абайлаңыз – балалар!” операциясы жүргізілген үш күн шінде 518 заңбұзушылық анықталды.

 

Сайлаубек Мусин, СҚО ІІД ЖПБ бастығының орынбасары:

– Алкогольді ішімдік пайдаланып, рөлге отырған 31 жүргізуші ұсталды. Жаяу жүргіншілерді өткізбегені үшін 19жүргізушіге, ал белгіленбеген жерде жолды кесіп өткен 46 азаматқа әкімшілік хаттама толтырылды.

 

Осымен «Абайлаңыз – балалар!» операциясы аяқталды. Бірақ жол полициясының қызметкерлері балалардың қатысуымен орын алатын апаттардың алдын алу мақсатында жұмысты одан әрі жалғастырмақ. Статистикаға сүйенсек, ағымдағы жылы облыс бойынша 41 жол-көлік оқиғасы орын алған. Салдарынан 3 бала қаза тауып, 45-і түрлі дәрежедегі жарақат алған.

 

Мағжан Ахмадина