Аптадағы маңызды жаңалықтар

Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапарымен ҚР қаржы министрі келді

 

Тайынша ауданындағы “Нұр Отан” партиясы бастауыш ұйымдарының саны 54. Мүшелікке енгендер үш мыңның үстінде. Ол аудан халқының 15 пайызын құрайды. Нұротандықтар елдің, ауылдастарының мәселелеріне бей-жай қарамайды. Себебі халықтың әл-ауқатын көтеру, жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік бағдарламалардың тұрғындар игілігіне жарауын бақылау партия мүшелерінің міндеті. Кезектен тыс өткізілген 10-шы конференция барысында жалпы сегіз айда атқарылған жұмыстар сараланып, алдағы міндеттер айқындалды. Ол “Нұр Отан-Нұрлы болашақ жолында” атты партияның жаңа саяси доктринасы. Онда көрсетілген басым бағыттар “Қазақстан-2050” стратегиясын жүзеге асыруға негізделген.

 

Серік Салтықов, «Нұр Отан» ХДП Тайынша аудандық филиалының төрағасы, Тайынша ауданының әкімі:

-Жаңа доктрина – бұл партияның конституциясы іспеттес. Себебі ол елдің болашағын бағдарлап, жаңа көкжиектерге жол сілтейді. Құжатта негізгі үш бағыт пен 7 басымдық айқындалған. Оны бірлесе отырып іске асырсақ, бүгінгі ахуалымыз одан да жақсара түсері сөзсіз. Сондықтан бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, нұрлы болашағымыз үшін еңбек ететінімізге сенім мол.

 

“Нұр Отан” партиясы аудандық филиалында 205 белсендіден құралған ақпараттық үгіт-насихат тобы жұмыс істейді. Олар елді мекендерді аралап, халыққа Елбасы ұсынған “Қазақстан-2050” стратегиясының жәй-жапсарын түбегейлі түсіндірген. Мақсат- құнды құжатты ел болып жүзеге асыру. Ол жарқын болашағымыз үшін қажет деді конференция барысында сөз алғандар.

 

Анатолий Рафальский, “Нұр Отан” ХДП Тайынша аудандық филиалы саяси кеңесінің мүшесі, Тайынша аудандық ауруханасының бас дәрігері:

-“Нұр Отан” партиясы жаңа деңгейге көтерілуде. Ол “Қазақстан-2050″стратегиясы. Жаңа доктринада соны жүзеге асыру бағыттары бағдарланған. Мәселен, өзім мүшелік ететін “Гиппрократ” бастауыш ұйымына тоқталсам, біздің бірінші кезектегі міндетіміз – халыққа сапалы медициналық қызмет көрсету. Құжатта ол негізгі басымдықтардың бірі болып көрсетілген. Яғни оның жүзеге асуына дәрігерлер жауапты. Өзгелері де өздеріне қатысты нақты тапсырмалардың сапалы орындалуына назар аударулары қажет.

 

Конференция барысында қаржы министрі де жаңа доктринаға қатысты өз ойымен бөлісті. Болат Жәмішев жетекші партияға мүшелік етпесе де оның бағыт-бағдарын жоғары бағалайды.

 

Болат Жәмішев, ҚР қаржы министрі:

-Өздігінен ештеңе болмайды. “Қазақстан -2050” стратегиясы осыны меңзейді. Оны бірлесіп жүзеге асырғанда ғана тұрмысымыз жақсара түсері сөзсіз. Партияның жаңа доктринасында ел экономикасын дамыту кеңінен көрініс тапқан. Ол қарыштап алға басса, барлық салаларда оң өзгерістер болады. Одан халықтың әл-ауқаты артпаса кемімесі анық. Сондықтан оның орындалуына бәріміз атсалысуымыз қажет.

 

Еліміздегі қаржы саласының бет алысы да ешкімді бей-жай қалдырмасы анық. Конференция барысында ол көрініс тапты. Залға жиылғандар елордалық мейманға көкейлеріндегі сауалдарын жолдап, оған нақты жауаптар алды.

Өз кезегінде сөз алған облыс әкімі Самат Ескендіров аудандық партия филиалы мен оның бастауыш ұйымдарының жұмысын жоғары бағалады. Алайда қол жеткізген жетістіктермен шектеліп қалуға болмайтындығын да тілге тиек етті.

Жиын соңында қыркүйектің 24-де болатын партияның облыстық филиалының кезектен тыс 18-ші конференциясына делегаттар сайланды. Олардың саны 10.

Бұдан соң қаржы министрі Болат Жәмішев “Нұр Отан” партиясы Тайынша аудандық филиалында азаматтарды қабылдау өткізді. Елордалық мейманға өз меселесімен келген тұрғындар саны төртеу. Министрге қойылған сауалдар Тайынша қаласында қазақ тілінде дәріс беретін №5 орта мектепке жаңа ғимарат салуға, аудандық мәдениет үйінің құрылысына қосымша қаржы бөлуге қатысты.

Қаржы министрі келер жылдың бюджеті бекітілетін кезде бұл мәселелер назарға алынатындығын айтты.

 

Самат Есмағи